17.04.2007, 15:41 3671

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті Алматы тұрғындарын көктем-жаз маусымындағы қауіп-қатерлер туралы ескертеді

АЛМАТЫ. 17-сәуір. Kazakhstan Today. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті Алматы тұрғындарын көктем-жаз маусымындағы қауіп-қатерлер туралы ескертеді. Бұл туралы бүгін "Төтенше жағдайлар департаментінің Алматы тұрғындарын көктем-жаз маусымындағы қауіп-қатерлер туралы ескертуі" атты баспасөз мәслихатында қаладағы түрлі қызметтердің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Атап айтсақ, ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті төрағасының орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, көктем-жаз маусымдарында нөсерлер салдарынан қар көшкіні түсу, сел мен лай көшкін жүру қаупі артумен бірге, отпен абайсыз қатынасу өрт шығуына алып келуі мүмкін.

"Бізде күнде нөсер жаууда. Сол себепті Алматы мен Алматы облысында биік таулы жерлерде қар көшкіні түсу, ал тау баурайларында сел және лай көшкін жүру қаупі бар",- деді Ю.Ильин. "Көктем-жаз маусымдарында тау бөктерлерінде, бірінші кезекте тау массивтерінде адам факторына байланысты отпен дұрыс қатынаспау салдарынан өрт шығу, соның ішінде сан ғасырлық ормандардың өртену оқиғалары кездеседі",- деді департамент өкілі.

Өз кезегінде Алматы қалалық өртке қарсы күрес қызметі департаменті төрғасының орынбасары Павел Мыскиннің хабарлауынша, "қазіргі таңда өртке қарсы күрес қызметінің бар күші орман және таудағы өрттердің алдын алуға жұмылдырылып отыр". "Азаматтар демалатын жерлерде тұрақты рейдтер өткізіліп, өрттің алдын алуға шаралар қолданылуда",- деді П.Мыскин.

Сонымен бірге мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің Алматы қалалық департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бастығы Ольга Асаева көктем-жаз маусымдарында іштің жұқпалы ауруларын жұқтыру қаупі артатынын ескертті. "Көктем-жаз маусымдарында энтереколит, дизентерия секілді іштің жұқпалы ауруларымен ауыру көрсеткіші артады",- деді ол. "Оқиғалардың 50 процентінде жеке тазалықты сақтамау, 15 процентінде - азық-түлік өнімдерін ашық-шашық сауда орындарынан сатып алып тұтыну, 35-40 процентінде үйде жасалған тағамдардың теріс сақталуына байланысты",- деді О.Асаева.

О.Асаева сонымен бірге лас немесе арнайы мақсаттағы емес су қоймалары мен фонтандарда жүзу салдарынан вирусты гепатиттің А түрін жұқтыру қаупі бар екенін ескертті.

Сонымен бірге ол көктем-жаз маусымдарында таулы аумақтарға барған кезде кенеге шақтырып алуға байланысты энцефалит жұқтыру мүмкіндігі артатынын атап өтті. О.Асаеваның айтуынша, энцефалиттен сақтанудың ең сенімді жолы - дер кезінде екпе салғызу. Егер кене шағып алған жағдайда зардап шеккен адам иммуноглобулин екпесін салдыру үшін медициналық мекемелерге баруға тиіс.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, қалалық қызметтер қала аумағында қатерлі жәндіктердің таралуына жол бермеуге шаралар қолдануда.

"Алматыда сәуір айында қала аумағындағы барлық саябақтар мен гүлзарларды кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылуда",- деді О.Асаева.

Ю.Ильиннің айтуынша, "Алматыда саябақтар аумағын өңдеуге жергілікті бюджеттен 10 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны