04.04.2007, 17:27 3382

Қапшағайдағы туристік орталықты салуға арналған жер телімі инвесторларға қыркүйекте таныстырылады - туризм және спорт министрлігі

АСТАНА. 4 - сәуір. Kazakhstan Today. Қапшағайдағы ойынханалар орналасатын туристік орталық нысандарының жобасы мен құрылысқа арналған жер телімдері инвесторларға осы жылдың қыркүйегінде таныстырылады деп жоспарланған. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында туризм индустриясы комитетінің төрағасы Қайырбек Өскембаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біз шілдеде бас жоспарды аяқтауға тиіспіз, тамызда қоғамдық экологиялық сараптамадан өткіземіз, ал қыркүйекте инвесторларға жоба мен құрылысқа арналған жер телімдерін таныстыруға тиіспіз",- деді Қ. Өскембаев.

Комитет төрағасы қазіргі уақытта Қапшағай мәслихаты туристік орталықты дамыту үшін 11 мың гектар аумақты сақтап қойғандығын еске сала кетті. "Біздің жалпы міндетіміз онда Лес-Вегас құру емес, Диснейлэнд құрамыз десек шындыққа жақын... біздің мақсат - бірінші кезекте шетелдік туристерді тартатын туристік қалашық құру",- деп түсіндірді ол. "Ол жерде гольф-алаңы, аттракциондар, желкенді кемелер , зәулім қонақ үйлер, соның ішінде ойынханалар мен ойын автоматтарының залдары болады",- деп қосты Қ. Өскембаев.

Ол сондай-ақ, бас жоспарды қыркүйекте келешек инвесторларға таныстыру межеленгеніне қарамастан, мүдделі жақтардың "қазірдің өзінде көбейіп кеткенін" атап өтті. "Аталмыш туристік орталыққа шетелдік те, отандық та компаниялар қызығушылық танытуда",- деп түсіндірді комитет төрағасы.

Сонымен қатар, Қ. Өскембаев жұмыс тобы үкіметке Щучинск-Бурабай курорттық аймағына осы сияқты туристік орталықты орналастыратын орын туралы соңғы шешімді жақын күндері енгізуге тиіс екендігін хабарлады. "Естеріңізге сала кетейін, онда тағы осы тектес орталықты салудың бірнеше үлгілері болған",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны