25.03.2007, 18:10 3676

Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы мектептердің тең жартысы өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді - прокуратура

ҚАРАҒАНДЫ. 25-наурыз. Kazakhstan Today. Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы мектептердің тең жартысы өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді. Оқу ордаларын тексерген аудандық прокуратура осындай тұжырымға келді.

Осакаров аудандық прокуроры Талғат Құрпмановтың айтуынша, тексерілген 50 мектептің 23-інде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу оқиғалары тіркелген. Атап айтсақ, мектептер алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілмеген, электр сымдары бір-бірімен бұрап жалғастырылған, өрт сөндіретін су қамтамасыздығы, автоматты дабыл жүйелері жоқ, ішкі өрт сөндіргіш крандар мен гидранттар жұмыс істемейді, шатыр жайларының ағаш конструкциялары өрттен қорғайтын құраммен өңделмеген.

Прокурордың пікірінше, бұл деректердің бәрі де мүшкіл жағдайға алып келуі мүмкін. "Балалардың жалғыз күні өртеніп кетпесіне кепілдік жоқ", деп мәлімдеді Т.Құрманов.

Сонымен бірге Т.Құрмановтың айтуынша, өрт қауіпсіздігі ережелері өрескел бұзылған барлық мектептерге мемлекеттік мекемелердің оң қорытындысы берілген. "Осындай заң бұзушылықтарға қарамастан, барлық мемлекеттік құрылымдар, соның ішінде төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасы да мектептердің өрт қауіпсіздігі ережелеріне сай келетіндігі және олардың оқыту процессін ұйымдастыруға жарамдылығы жөніндегі қорытындыға қол қойған",- деді ол.

Прокуратурадағылардың пайымдауынша, "төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының "Өрт қауіпсіздігі туралы" заңының талаптарын өрескел бұзған". "Мектептердегі өртке қарсы қауіпсіздік ахуалы туралы шынайы ақпаратқа ие бола отырып өрт бақылау қызметінің мамандары заң бұзушылықтар толық жойылғанға дейін мектептерді жабуға тиіс болатын, алайда ондай қадам жасалмаған",- деді Т.Құрманов.

Сонымен бірге прокуратура осы ауданда орналасқан Молодежный ауылының орта мектептерінің санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкестігін тексерді. Тексеру барысында №23 және 26 мектептерде заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтсақ, білім ордаларында адам саны тым көп, су қамтамасыздығы мен кәріз жүйелері жұмыс істемейді, кластар дұрыс жарықтандырылмаған. "Бұл заң бұзушылықтарға аудандық санитарлық қызмет мамандарының өздеріне жүктелген міндеттерін дұрыс орындамауы салдарынан жол берілген", деп мәлімдеді Т.Құрманов.

Сонымен бірге мектептерді тексеру барысында кластардпы жөндеу мен мектеп жабдықтарын сатып алуға арналған қаржыны ата-аналардан күшпен жинап алу деректері анықталды. Төрт мектепте директордың орынбасары қызметін жоғары педагогикалық білімі жоқ адамдар атқарып келген.

Тексерулердің қорытындысы бойынша білім беру саласының 11 қызметкері мен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің үш қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны