21.09.2006, 14:43 3273

Қарағанды облысында 22-қыркүйек қаралы күн деп жарияланды

ШАХТИНСК. 21-қыркүйек. Kazakhstan Today. Қарағанды облысында Ленин атындағы шахтада жарылыс салдарынан 41 кенші қаза табуға байланысты 22-қыркүйек қаралы күн деп жарияланды. Бұл туралы бүгін Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматулин баспасөз мәслихатында құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"22-қыркүйек - қазаға ұшыраған кеншілерді еске алатын қаралы күн. Қайғылы оқиға баршамыздың қабырғамызды қайыстырды. Қазір біз көмірдің құнын білеміз",- деді Н.Нығматулин.

Облыс әкімінің хабарлауынша, қазір облыстың сот- медициналық сараптама орталығында мәйіттерді тану жұмыстары жүргізілуде. "Қазіргі басты мақсат - барлық мәйітті тез арада танып, туыстарына табыстау",- деді Н.Нығматулин.

Ол сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі деді. Ұжымдық келісім-шарттарында көрсетілген 1,5 млн. теңгенің сыртында "сақтандыруға қоса 18 жасқа дейінгі барлық балаларды асырауға қажетті қаржы бөлінеді", деді ол. Бұған қоса, әкімнің айтуынша, "көмір департаметінің әрбір ұжымына қаза тапқан бірнеше адамды жерлеуге көмек көрсету міндеттелді".

Баспасөз мәслихатына қатысқан "Миттал Стил" компаниясының бас менеджері Малай Мукхереджидің айтуынша, отбасыларға қосымша көмек көрсетілуі мүмкін. "Барлық отбасыларын аралап шыққаннан кейін біз қосымша көмек көрсете аламыз",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны