08.01.2008, 10:27 1550

Қарағандыда тарату комиссиясы "Валют-Транзит" банкі ісі бойынша сот үкімін бұздыру туралы шағым түсірмекші

Қарағандыда тарату комиссиясы "Валют-Транзит" банкі ісі бойынша сот үкімін бұздыру туралы шағым түсірмекші

Қарағанды. 8-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қарағандыда тарату комиссиясы "Валют-Транзит" банкінің бұрынғы президенті Андрей Біләловқа қатысты іс бойынша сот үкімімен келіспей, оны бұздыру туралы шағым түсірмекші. Бұл туралы жұма күні өткен банк салымшылары мен тарату комиссиясы мүшелерінің кезекті кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бүгін біз үкімнің көшірмесін алып отырмыз. Біз тарату комиссиясының атынан аппеляциялық шағым түсіреміз", - деді тарату комиссиясының мүшесі заңгер Қайрат Синеев.

Сотта қарастырылып отырған қылмыстық істе тарату комиссиясы жәбірленуші тарап болып танылған. Заңнамаға сәйкес, ол жойылған "Валют-Транзит" банктің барлық құқықтары мен міндеттемелерін өз мойынына алған. Тергеу шаралары көрсеткендей, банкке 6,5 млрд теңге көлемінде шығын келген.

Қ. Синеевтің айтуынша, бұл қаражат жай ғана 4 кәсіпорынға 4 несие ретінде берілген. "Қазір бұл қаражат қайтарымсыз берілгенін айтуға болады. Бұл қарыздың қайтарылу мерзімінде несие қайтарылмаған. Тергеу нәтижесі бойынша, бұл кәсіпорындардан өзге кәсіпорындардың есепшотына аудару арқылы соңында ірі акционердің, яғни, Андрей Біләловтың тұлғалық есепшотына келіп түскендігі дәлелденді", - деді Қ. Синеев.

Аталмыш 6,5 млрд теңгеден өзге сот процесі кезінде пайыздық есептеулер пайда болған. Қорытындысында тарату комиссиясы Андрей Біләлов барлығы 8 млрд теңге қайтаруы тиіс деп санайды. Сот банктің бұрынғы президентінен қажетті соманы өндіріп алуды қажет деп таппады.

Сонымен қатар, банк салымшылары Қаржылық бақылау агенттігін және тарату комиссиясына қатысты сотқа шағым түсірмек ниетте. Олар комиссия бірінші кезекте ақшаны кепілдендірілген сақтандыру қорына (үшінші кезек), содан кейін барып салымшыларға (төртінші кезек) төлейтіндігімен келіспей отыр.

"Біздің ойымызша, біздің құқықтарымыз тапталып отыр. Себебі, бізді төртінші кезекке жіберген. Сондықтан, кезек реестрін қайта қарап, бізді үшінші кезекке ауыстыруды өтінеміз. Біз жеке тұлғамыз, ал сақтандыру қоры мемлекеттік мекеме, яғни, заңды тұлға. Ол бізден кейін төртінші кезекте тұруы керек", - деп мәлімдеді тілшілерге берген сұхбатында бастамашылар тобының төрағасы Галина Шорох.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны