15.05.2008, 18:57 2659

Қармысов көшесінің тұрғындары жалпы қолданыстағы жолдарды соттарда қорғамақшы

Қармысов көшесінің тұрғындары жалпы қолданыстағы жолдарды соттарда қорғамақшы

Алматы. 15 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Алматыдағы Қармысов көшесінің тұрғындары құрылыс компаниясы өз бетімен басып алған жалпы қолданыстағы жолдарды соттарда қорғамақшы. Бұл туралы олар бүгін Қазақстан Бүгін ақпараттық агенттігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік.

"Менің құқығым бұзылғандықтан, конституциялық құқықтардың кепілі - Қазақстан президентіне, елдің үкімет басшысына, сондай-ақ, соттарға және тіпті халықаралық сотқа да шағымданатын боламын", -деп мәлімдеді Қармысов көшесінің тұрғыны, инженер Николай Кравчук.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Алматыда Maxima тұрғын үй кешенін салу барысында Turkuaz Invest құрылыс компаниясы Қармысов көшесін бойлай салынған жолдың бір бөлігін білермендікпен басып алған. Сонымен бірге, құрылысшылар жұмысқа кедергі болған жоғары кернеулі электр жалғастыру желісін көшенің қарсы бетінде орналасқан тұрғын үйлерге қарай көшіре бастаған. Тұрғындар жоғары кернеулі электр жалғастыру желісінің жанында ұзақ уақыт болу денсаулыққа зиянды деген дәрігерлердің қорытындысын алыпты. Сонымен бірге, желі көшірілуге байланысты олар тұратын үйлер автоматты түрде қорғаудағы аймақта қалады.

"Бірнеше жылдан кейін тиісті органдар біздің қорғаудағы аймақта тұрып жатқанымызды айтып, бізді үйімізден қуып шығуы ықтимал", -деп қауіп білдірді Қармысов көшесінің тұрғыны, құрылысшы Александр Мен.

Тұрғындар сондай-ақ, түрлі мемлекеттік құрылымдардың құрылысқа қатысты бір-біріне қарама-қайшы, кереғар жауаптар беріп отырғанын жеткізді. Біреулері Turkuaz Invest компаниясы жол берген көптеген заң бұзушылықтарды санамаласа, екіншілері құрылыстың заңнама нормаларын сақтай отырып жүргізіліп жатқанын көлденең тартады.

Мәселен, Н. Кравчуктың айтуынша, " Медеу аудандық әкімшілігіндегілер құрылыстың уақытша қоршауы берілген жер телімінің аясында орнатылған" деген. Ал жер ресурстары мен жер жайластыру орталығындағылардың мәлімдеуінше,

"Turkuaz Invest компаниясы Қармысов көшесін өз бетімен басып алған", - деп мәлімдеді Н. Кравчук.

Н. Кравчук сонымен қатар бірнеше жыл бұрын уәкілетті мемлекеттік органдар оған үйінің екінші қабатын салуға рұқсат бермей, үйдің геодезиялық жарықшақ аймағында орналасқанын алға тартқан, ал құрылыс компаниясы дәл осы қауіпті зонада көп қабатты тұрғын үй кешенін салуға рұқсат алады.

Сонымен бірге, Мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау қызметінің қорытындысы бойынша электр жалғастыру желісі жобаға сай көшірілген. Ал ҚР Жер кодексіне сәйкес жоба жанында жаңа желі тартылатын жылжымайтын мүлік нысанының қожайынымен келісілуге тиіс. Ал Қармысов көшесінің тұрғындары оған келісімін бермеген, соған қарамастан құрылыс салушы компания электр жалғастыру желісін көшіруге рұқсат алған.

"Электр жалғастыру желісі әлі тартыла қоймағанымен, оларда Мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау қызметі директорының орынбасары қол қойған, электрлі-магниттік алаңның кернеуі өлшенгендігі жөніндегі 2007 жылдың 20 тамызында қол қойылған №60 қаулысы бар", - деді Н. Кравчук.

Қармысов көшесінің тұрғындарын негізінен Медеу ауданының әкімшілігі қолдап отыр. Атап айтсақ, құрылыс және қала көріктендіру бөлімінің өкілдері даулы жерге барып, құрылысшыларға жолды толық жауып тастауға мүмкіндік бермеген.

Тұрғын үй кешенін салу барысындағы көптеген заң бұзушылықтар жөнінде Медеу ауданының әкіміне жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің өкілдері мәлімдеген.

"Құрылыс компаниясының өкілдері біздің уәждерімізге мүлдем мән бермегенін сезініп, біз оқиға орнында алқа жиынын өткізіп мәселені қарадық. Компания өкілдерімен кездесу мүмкін болмады. Бірақ мен компанияның заңгерімен сот мәжілісінде кездесіп, оған біздің наразылықтарымызды таныстыруға талпындым. Біз бұл мәселемен қаңтар айынан бері мұқият айналысып жатқанымызбен, әзірге нәтижесі болмай отыр", -деп мәлімдеді Медеу аудандық әкімшілігінің жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрайымы Айнагүл Иділханова.

Айнагүл Иділханованың айтуынша, құрылыс компаниясына әсер ету үшін аудандық әкімшліктің күш-жігері жеткілікті болмай отыр. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың сипаты жоқ па деген сауалға баспасөз мәслихатына қатысушылар мақұлдай жауап берді.

"Біздіңше, ондай жайт бар. Сол себепті біз "Нұр Отанның" сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетіне шағымдандық. Бірақ оны қарағаннан кейін бізге 28-сәуірде құжаттар Алматы қалалық прокуратурасына жолданды деп жауап берді", -деді Н. Кравчук.

Ол сондай-ақ, Алматы қалалық әкімшілігіне жіберілген Мемлекеттік сәулет және қала құрылысын бақылау қызметінің іс-әрекетіне қатысты шағымның Медеу аудандық әкімшілігіне, ал ол жерден әлгі шағымға себеп болған департаменттің өзіне жоғарыдан жолданғанын атап өтті.

Мемлекеттік құрылымдар тарапынан ықпалды қолдау таппаған Қармысов көшесінің тұрғындары өз құқықтарын, соның ішінде көшені пайдалану құқықтарын сотта қорғамақшы. "Біз бұл тұрғын үй кешенінің салынуына қарсы емеспіз, ол салынып, біздің қаланың көркіне көрік қоса берсін. Бірақ бұл ережеге сай және біздің көшенің тұрғындарына зиян келтірмейтін болса игі", - деп мәлімдеді А. Мен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны