21.08.2006, 17:57 3286

Кәсіпкерлер "Қорғас" кеден бекетін Алматыға көшіруге қарсылық білдіруде

АЛМАТЫ. 21-тамыз. Kazakhstan Today. Қазақстанға Қытайдан тауар тасымалдаумен шұғылданатын 246 компанияның өкілдері мен 500-дей жеке кәсіпкер "Қорғас" кеден бекеті Алматыға көшірілуі мүмкіндігіне байланысты мәселеге араласуды сұрап ҚР кедендік бақылау комитетінің төрағасының атына ұжымдық хат жолдады. Бұл туралы Қазақстанның кедендік декларанттарының одағы, Қазақстанның кедендік брокерлері мен кәсіпкерлерінің қауымдастығы, Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағы бірлесіп ұйымдастырған баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қазақстанның кедендік декларанттары одағының өкілі Нұрлан Бүршікбаевтың айтуына қарағанда, осы жылдың 14-тамызынан бері "Қорғас" кеден бекетінің мамандары импортталған тауарларды негізгі кедендік рәсімдеуге қатысты декларацияларды қабылдаудан бас тартуда. Кеден қызметкерлері бұл әрекетін ҚР кедендік бақылау комитеті басшылығының елімізге енгізілетін тауарларды рәсімдеуге қатысты барлық процедураларды Алматыға көшіру туралы ауызша нұсқауына сілтеме жасап түсіндіруде. Осыған байланысты қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада 500-ден астам жүк таситын автокөліктер қаңтарылып тұр.

Сарапшы Сайлаубек Илібековтың пікірінше, ҚР кедендік бақылау комитетінің бұл талабы заңды бұзу болып табылады. Өйткені, қазіргі қолданыстағы кедендік нормаларға сәйкес, әрбір қатысушы кедендік декларациялау рәсімінен өтетін жерді өз бетімен таңдай алады. Сонымен бірге, кеден мекемелері сыртқы экономиклаық алыс-беріс, сауда-саттыққа қатысушыларды барлық өзгерістерден алдын-ала хабардар етіп отыруға тиіс, деп пайымдайды С.Илібеков.

Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағының өкілі Мария Резванның айтуынша, "Қорғас" көшірілген жағдайда шекарадан кеден мекемесіне дейін тасымалдау барысында елге енгізілетін тауарларға қойылатын бақылау бұдан былай құрдымға кету қаупі бар.

Ал кәсіпкер Фатима Көкенованың пікірінше, "Қорғасқа" қатысты қазіргі ахуал әлдебіреулердің мүддесіне лобби жасау болып табылады". "Тауар Алматыда рәсімделген жағдайда көптеген кәсіпкерлер тасымалдау мен басқа да қиындықтарға байланысты қосалқы шығынға бататын болады",- дейді ол.

Ал Қазақстанның кедендік брокерлерінің қауымдастығының өкілі Геннадий Шестаковтың пікірінше, "Қорғасты" көшіруді кеден мекемесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрестің бір кезеңі деп бағалауға болады. Дейтұрғанмен, оның айтуынша, бұл күрестің бұған дейінгі кезеңдері де оңды нәтиже берген жоқ. Керісінше, қазақстандық кәсіпкерлер қазір бұрынғыдай Қазақстан аумағында емес, тікелей жүк тиеліп жіберілетін Үрімжі қаласында "қалтасын қақтыруда". "Бүгінде жүк тиеген бір автокөлікті Үрімжіден шығарып алу 25 мың доллар тұрады. Мұндай төлемді беруден бас тартқан алыпсатар не Қазақтанда тауарды сатқан кезде қиындықтарға тап болады, не болмаса, болашақта Қытайдан тауар әкелу мүмкіндігінен айрылады деген сөз",- деді Г.Шестаков.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны