26.02.2010, 14:24 14815

Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулау көлемі қысқартылуға тиіс - сарапшылар

Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулау көлемі қысқартылуға тиіс - сарапшылар

Алматы. 26 ақпан. Kazakhstan Today - АҚШ пен Қазақстан ғалымдары бірлесе жүргізген зерттеулер қорытындысы көрсеткендей, Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қайта жаңғырту кілті - шабақтарды жіберуді ұлғайту емес, оларды аулауды қысқарту болып табылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today EurekAlert сайтында жарияланған ғылыми зерттеулер қорытындысы бойынша баспасөз баянына сілтеме жасап.

Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясының ахуалына жүргізілген алғашқы зерттеудің нәтижесі көрсетіп отырғандай, қазіргі балық аулау нормалары популяция санын тұрақты ұстауға қажетті көлемнен 4-5 есе жоғары. Conservation Biology журналының келесі санында жарияланатын зерттеулер қорытындысы көрсеткендей, бекіре тұқымдас балықтарды сақтау стратегиясы жас шабақтарды суға жіберу көлемін біршама арттырудан гөрі, ересек балықтарды аулау көлемін қысқартуға бағытталуға тиіс.

Сандық талдау АҚШ пен Қазақстан ғалымдарының бұрын-соңды болмаған бірлескен ынтымақтастық жобасының негізінде өткізілді. Зерттеуде пайдаланылған мәліметтер Каспий теңізімен жанасып жатқан, бекіре тұқымдас балықтар плотина арқылы бөгетсіз өте алатын Орал өзенінде жиналды.

"Бұл - бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын толықтыру бойынша жүргізілген бірінші есептеулер, және олардың нәтижелері нақты ауланған көлеммен салыстырылды", - дейді доктор Федра Дукакис (Phaedra Doukakis). Ол зерттеу жұмыстарының жетекші авторы, Нью-Йорктың Стони Брук Мұхитты ғылыми қорғау институтының (Institute for Ocean Conservation Science Stony Brook University) аға ғылыми қызметкері.

"Біз бұған дейін жорамал болып келген жайтты - Каспий теңізіндегі қазіргі балық аулау жай-күйі балық санының одан әрі төмендеуін тоқтата алмайды деген уәжді ақыры дәлелді түрде негіздей аламыз. Біз бұл зерттеу қалыптасқан ой-пікір мен басқару тәжірибесін өзгертуге қажетті дәлелдерді бере алады деп үміттенеміз", - деді Ф. Дукакис.

Кейінгі бірнеше онжылдықта бекіре тұқымдас балықтардың популяциясы қара уылдырыққа деген сұраныстың жоғарылығына, тіршілік ортасының нашарлауы мен орынсыз пайдалану салдарынан шамамен 90%-ға кеміп кетті.

Аса бағалы өнімге саналатын ақсеркенің ұрықтанбаған уылдырығының бір килограммы 8 мың долларға дейін сатыла алады. Бекіре тұқымдас балықтардың саны азая түсуіне байланысты аса күрделі алаңдаушылық бар. Бұл балықтар Адриат теңізінде мүлдем жойылып кетсе, Азов теңізінде құрып кетудің алдында ғана тұр.

Ақсерке 100 жылдан астам өмір сүре алады және тек 9 бен 20 жас аралығында ғана жыныстық жетілу шегіне жетеді. Зерттеушілер анықтағандай, ең өнімдісіне 31 жастағы балықтар жатады, өйткені, ірі әрі ересек балық уылдырықты біршама көп шашады. Балықты аулау көлемі азайған жағдайда ғана түрлі сақтап қалуға бағытталған күш-жігер айрықша тиімді болмақ. Ол ересек және жыныстық жетілу сатысындағы балықтардың тірі қалуына мүмкіндік береді. Бұл қазіргі шабақ жіберу тәжірибесне қарағанда, олардың көбею мүмкіндігін тіптен арттырады, дейді зерттеушілер.

Өсімдік және хайуанаттар дүниесінің сирек кездесетін түрлері бойынша халықаралық сауда-саттық туралы БҰҰ конвенциясы (СІТЕS) 1998 жылы ақсеркені және бекіре тұқымдас балықтардың басқа да көптегін түрлерін листингіге ( II қосымша) енгізген. Алайда 2005 жылға дейін бекіре тұқымдас балықтардың саны 60%-ға азайды, бұл - аталған түрді сақтап қалудың қазіргі тәжірибесінің тиімсіздігін көрсетеді.

Ғалымдар бекіре тұқымдас балықтардың ахуалына арналған аталған зеттерудің қорытындысын СІТЕS конвенциясына қатысушы елдердің 15-ші конференциясында, 2010 жылдың 18 наурызында Катар астанасы Дохада таныстырады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны