06.08.2020, 21:19 6863

KAZ Minerals Тобы полимеразды тізбекті реакция әдісімен жұмыс істейтін зертхананы іске қосты

KAZ Minerals Тобы Қазақстандағы өнеркәсіптік компаниялардың арасында алғашқы болып полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен жұмыс істейтін зертхананы іске қосты

Алматы. 6 тамыз. Kazakhstan Today - KAZ Minerals Тобы Қазақстандағы өнеркәсіптік компаниялардың арасында алғашқы болып полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдісімен жұмыс істейтін зертхананы іске қосты. Ақтоғай КБК-де орнатылған бұл зертханада компания қызметкерлері мен мердігерлік ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Ақтоғай кен орынын кеңейту жобасында жұмыс істейтін қызметкерлер де тестілеуден өтеді. Жеке зертхана үлгілерді өңдеу және тестілеу нәтижелерін алу процесін жеделдетуге, сондай-ақ, компания қызметкерлеріне бұрын клиникалық-диагностикалық қызметтер көрсеткен өзге зертханаларға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Ақтоғайдағы жұмысшылар саны, егер екінші кен байыту фабрикасының құрылысындағы қызметкерлерді есепке алсақ, 4,5 мың адамға жетеді. Қажет болған жағдайда зертхана Топтың Қазақстандағы барлық кәсіпорындарынан келген биоматериал үлгілерін өңдейді деп жоспарланған.

Бұл модульдік зертхана Қазақстанда жасалған. Құны - шамамен 150 млн теңге. Ол жинақталған түрде жеткізіледі және оның барлық қажетті жабдықтары бар: кері транскрипциясы бар нақты уақыттағы ПТР-тестілеу аппараты, РНҚ экстракциясының автоматты аппараты, суландыру құрылғылары, биологиялық қауіпсіздік боксы, ламинарлы ПТР-бокс, сондай-ақ, қажетті қосалқы жабдықтар жиынтығы. Қосымша 20 000 тест-жиынтық сатып алынды. Зертхананың қуаты тәулігіне 552 сынаманы өңдеуге мүмкіндік береді. Бір цикл 4-24 сағат арасында өңделеді. Сондай-ақ, мұнда басқа да клиникалық және диагностикалық зерттеулер жүргізуге болады.

KAZ Minerals ШҚО денсаулық сақтау ұйымдарының пациенттері және қызметкерлеріне арналған медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға да жәрдемдесуде. Демеушілік көмек аясында Шемонаиха аудандық ауруханасына оттегі станциясын сатып алуға 12,5 млн теңге және Глубокое ауданының ауруханасына ЖҚҚ жиынтықтарын (бір реттік костюмдер, маскалар, қолғаптар) және дезинфекциялау құралдарын сатып алуға 4,3 млн теңге бөлінді.

Бұған дейін KAZ Minerals Тобы пандемия кезінде халықтың осал топтарына әлеуметтік көмек көрсету үшін құрылған Birgemiz қоғамдық қорына 2,2 млрд теңге аударған еді.

"KAZ Minerals Management" ЖШС-нің басқарма төрағасы Эльдар Мамедов былай деп мәлімдеді: "Қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығы - компания үшін басым міндет. Карантиндік шаралар басталғанда біз вахталық әдіспен жұмыс істейтін кеніштерімізге кіруді шектедік, қауіп-қатерді азайту мақсатында вахта ауыстыру кестесін өзгерттік, барлық кәсіпорындарда санитарлық бақылауды күшейттік, вахтаға жаңадан келген қызметкерлер үшін көп сатылы тестілеу, оның ішінде ПТР әдісімен тестілеу, өткіздік және оқшаулау рәсімдерін енгіздік. Бүгін біз бұл жұмысты күшейтіп отырмыз. Кәсіпорындардың ірі қалалардан, демек, ірі зертханалардан алшақтығын ескере отырып, біз диагностика уақытын қысқарту және елдің клиникалық-диагностикалық ресурстарына жүктемені азайту мақсатында, компанияның Қазақстандағы барлық кәсіпорындарының қызметкерлері мен мердігерлерінің қажеттіліктеріне арналған өзіміздің ПТР-зертхананы сатып алдық және оны Ақтоғайда орналастырдық".

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны