02.04.2015, 21:13 3817

Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығына арналған олимпиаданыӊ жеӊімпаздары анықталды

Бүгін 31 наурыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығына арналған "Қазақ хандығыныӊ дара тұлғалары: ерлік пен елдіктіӊ елшісі" атты интеллектуалды олимпиада өтті

Астана. 1 сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін 31 наурыз күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ хандығыныӊ 550 жылдығына арналған "Қазақ хандығыныӊ дара тұлғалары: ерлік пен елдіктіӊ елшісі" атты интеллектуалды олимпиада өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Студенттерге қазақ хандығыныӊ тарихыныӊ тағылымын, дара тұлғаларыныӊ өмірі мен батырларыныӊ ерен ерліктерін насихаттау және жастардыӊ өз еліне деген мақтаныш, патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында өткен білім сайысына Алматы қаласы ЖОО студенттері қатысты.

Олимпиаданы ұйымдастыруға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетініӊ әлеуметтік-гуманитарлық факультетініӊ Қазақстан тарихы кафедрасы ұйытқы болды. Олимпиада шарты бойынша сайыс 5 турдан тұрды. І айналым таныстыруда әр команда капитаны өзініӊ университеті мен мүшелерін таныстырып, команданыӊ атын қорғаса, екінші "Тарихи жұмбақ сандар" деп аталатын турда командалар Қазақ хандығыныӊ дара тұлғаларыныӊ өмірі және қоғамдық-саяси қызметіне және қазақ хандары мен батырлары қатысқан ірі оқиғалармен байланысты сұрақтарға жауап берді. "Бейне сұрақ" деп аталатын ІІІ айналымда қатысушыларға елімізге танымал тарихшылардыӊ арнайы сауалдары қойылды. Сайыскерлердіӊ сөйлеу мәнері, сөз саптауы мен шешендігі және нақты фактілерді қолдануы басты назарға алынатын "Алтын қақпа" деп аталатын ІV айналымда әр команда "қола қақпа", "күміс қақпа", "алтын қақпа" деп аталатын үш деӊгейден өтіп, яғни үш қақпадан өтіп, қазақ хандығыныӊ дара тұлғаларыныӊ өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты тарихи терминдерге анықтама берді. Бесінші "Ой толғау" деп аталатын кезеӊде қатысушылар арнайы жәшікке қазақ батырларыныӊ тарихынан мағлұмат беретін қандай зат салынғанын тапты. Барлық айналым сұрақтары Қазақ хандығыныӊ құрылуы мен қалыптасуыныӊ негізгі кезеӊдеріне арналды.

Тарих саласы бойынша білімдері сыналған қалалық олимпиадаға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтыныӊ жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарыныӊ кандидаты, доцент Иуезхан Шашаев бастаған тарихшы мамандар қазылық жасады.

Сайыс қорытындысы бойынша I орынға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетініӊ "Атамекен" командасы ие болды. ІІ орынды Алматы технологиялық университетініӊ "Хан ордасы" командасы мен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ "Ибн-Сина" командасы өзара бөлісті. ІІІ орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетініӊ "Жерұйық" командасы мен Алматы университетініӊ "Ұлы дала қырандары" командасы иеленді. Сондай-ақ, марапаттау қағазымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті "Сұӊқар" командасы мен Абылай хан атындағы ҚазХҚжИТУ-дыӊ "Үш жүз" командасы марапатталды. Жеӊімпаздардыӊ барлығына дипломдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

"Қыздар университеті" медиа орталығы

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны