17.07.2008, 19:38 2570

Қазақстан биометриялық төлқұжаттарды енгізуге дайын - Иділет министрлігі

Қазақстан биометриялық төлқұжаттарды енгізуге дайын - Иділет министрлігі

Алматы. 17 шілде. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан биометриялық төлқұжаттарды енгізуге дайын. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Иділет министрлігінің құқықтық көмек көрсету және тіркеу қызметі комитетінің төрағасы Самат Ибіш мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Жүргізілген сынақтар, сараптамалар біздің жасаған төлқұжаттарымыздың пайдалануға дайын екендігін көрсетіп берді. Барлық құрал түрлерінде пайдалануға болады. Осылайша, Қазақстан Республикасында электронды төлқұжаттарды енгізумен байланысты барлық дайындық шаралары қазіргі таңда іс жүзінде аяқталды деп айта аламыз. Еліміз жаңа буын құжатын енгізуге дайын", - деді С. Ибіш.

Оның айтуынша, биылғы жылы шілденің басында Қазақстанның электронды биометриялық төлқұжаттарының алғашқы нағыз үлгілері сынақтан табысты өткен. Ол отандық үлгілердің барлық халықаралық нормалар, талаптар мен техникалық сипаттамаларға 100 пайыз сай келетіндігін растады. Сынақ жұмыстары Сингапурдегі "Чанги" халықаралық әуежайындағы шекаралық бақылау-өткізу пункттерінде пайдаланылатын арнайы есептеу құралдары мен бағдарламалық қамтамасыз етуде жүргізілген.

"Біз сонымен бір мезгілде Еуропаның тәуелсіз зертханаларында сынақ жұмыстарын жүргіздік. 16 маусымда біз өніміміздің барлық халықаралық нормаларға сай екендігі жөніндегі сертификат алдық", - деп атап өтті С. Ибіш.

Оның айтуынша, жаңа төлқұжаттар ағымдағы жылдың қараша айының басынан бастап берілмек. Жаңа төлқұжаттардың бастапқы құны шамамен 5 мың теңге. "Осындай төлқұжаттар жаппай шығарылғаннан кейін қазақстандықтар электронды биометриялық төлқұжаттарды пайдалану міндетті болып бекітілген немесе осындай құжаттардан мәліметтерді оқи алатын құралдар орнатылған елдерде төлқұжаттық бақылауды бұрынғыдан қолайлы әрі қысқа уақыт ішінде өте алатын болады", - деді Иділет министрлігіндегі комитет төрағасы.

ҚР Ұлттық банкінің "Банкнот фабрикасы" РМК директоры Жомарт Қажымұратовтың айтуынша, осы жобаны жүзеге асыру басталғаннан кейінгі алғашқы күндерден бастап Банкнот фабрикасы электронды төлқұжат жасау процесіне қатысып келеді. Жаңа электронды төлқұжаттың сынақ үлгісінің көркемдігін жасау мен басып шығаруды фабрика мамандары іске асырған.

Ол сондай-ақ, өзінің құрамы, қолданылған қорғаныс элементтері және материалдары бойынша жаңа төлқұжат Халықаралық азаматтық авиация ұйымының кеңестеріне толығымен сәйкес келетінін атап көрсетті. "Жаңа құралдар сатып алынып, орнатылды. Мамандар оқытылды. Сонымен бірге, жаңа электронды төлқұжаттарды жаппай өндіруге қажетті материалдарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы кездесуде ұсынылған төлқұжат бланкі 100% Банкнот фабрикасының күшімен және құралдарымен дайындалды", - деді Ж. Қажымұратов.

Баспасөз мәслихатына қатысқандардың хабарлауынша, Қазақстанның биометриялық төлқұжатының чипіне құжат алатын адамның өмірбаяндық мәліметтері мен оның сандық суреті енгізіледі. Сонымен қатар, олар төлқұжаттың шынайылығын тағы да чипте орнатылған құжат берген органның электронды сандық қолтаңбасы берік қорғайтынына сендірді.

Төлқұжат иегерінің суреті лазерлік бедерлеу әдісімен салынатын болады. Бұл оның тіпті өнеркәсіп жағдайында қолдан жасау мүмкіндігін жоққа шығарады. Төлқұжат сондай-ақ, тасымалдау кодымен қорғалады. Сондықтан, ол егер қандай да бір жағдаймен тасымалдау кезінде жоғалып жатса, ондағы мәліметтер оқылмайтын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны