07.12.2009, 17:37 3788

Қазақстан ғалымдарының A/H1N1 және A/H5N1 тұмауына қарсы алғаш рет әзірлеген вакцинасы Санкт-Петербург қаласындағы тұмау орталығына клиникалық сынақтарға берілді

Қазақстан ғалымдарының A/H1N1 және A/H5N1 тұмауына қарсы алғаш рет әзірлеген вакцинасы Санкт-Петербург қаласындағы тұмау орталығына клиникалық сынақтарға берілді

Астана. 7 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының A/H1N1 және A/H5N1 тұмауына қарсы алғаш рет әзірлеген вакцинасының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазақстан ғалымдарының A/H1N1 және A/H5N1 тұмауына қарсы алғаш рет әзірлеген вакцинасы Санкт-Петербург қаласындағы тұмау орталығына клиникалық сынақтарға берілді.

Дайындау технологиясы мен мінездемесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынысына сай келеді. Вакцина әзірлеу ісі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ Ұлттық тұмау орталығының бақылауымен дайындалды.

Тұсаукесер салтанатына қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев отандық ғалымдарды Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы осы ғылыми жетістігімен құттықтап, жаңалықтың жай-жапсарына тоқталды. Сәуір айынан бастап әлем елдерін A/H1N1 тұмауы дүрліктірумен келе жатқаны баршаға аян. Бүгінде ол 206 мемлекетте тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми деректері бойынша әлемде 537 248 адам осы індетпен ауырып, 6972 адам көз жұмған. Тұмау індеті күн сайын жаңа елдерде тіркеліп, таралу кеңістігін аша түсуде.

A/H5N1 аса қатерлі тұмауы да әлі күнге қауіптілігін жойған жоқ. A/H1N1 тұмауына қарағанда оның таралу аймағы біршама аз болғанымен, адамды өлімге әкеліп соқтыру жағдайлары 60 пайызға дейін жетті.

Осы мәселелердің өзектілігін ескере отырып, 2008 жылдан бастап "Құс тұмауы" атанған індетке қарсы Kazfluvac вакцинасын, ал биылғы жылдың сәуір айынан бастап A/H1N1 тұмауына қарсы Refluvac вакцинасы әзірлене басталды.

ҚР БҒМ Ұлттық биотехнология орталығының Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында "Құс тұмауы: зерттеу, құрал әзірлеу және күресу тәсілдері" атты арнайы бағдарлама қабылданды. Оны жүзеге асыру барысында құс тұмауына қарсы алғашқы отандық вакцина әзірленді. Бүгінде Қазақстан құс тұмауына қарсы өзіндік вакцинасы бар 13 елдің қатарына кіреді. Жыл сайынғы қажеттілікті өтеу үшін 15 млн доза даярланады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ұлттық тұмау орталығының референц-зертханасының жетекшісі және Ресей медициналық ғылымдар академиясының Тұмау ғылыми-зерттеу институтының академигі Олег Киселев қазақстандық вакциналарды әзірлеу өзектілігін жоғары бағалады.

Қазақстан үшін өзінің тұмауға қарсы вакцинасының болуы - A/H1N1 тұмауының қаупін дер кезінде жойып, халқын қауіптен аман алып қалады деген сөз. Оған қоса бәсекегеқабілетті отандық өнімді шетелдік баламаға қарағанда ішкі нарықта 40-50 пайызға арзан бағамен алуға болады. Сонымен қатар аса қауіпті ауруға қарсы вакцинасы бар әлемдегі он елдің қатарынан көріне аламыз.

Журналистердің сұрақтарына жаңа вакцинаны әзірлеушілер атынан Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығының Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының директоры профессор Сейдіғаппар Мамадалиев пен ҚР Бас санитарлық дәрігері Кеңес Оспанов жауап берді.

Сейдіғаппар Мамадалиевтың айтуынша, вакцинаның алдын-ала клиникалық сынақтары аяқталған. A/H1N1 тұмауына қарсы Refluvac вакцинасы әзірлеу бағдарламасына 440 млн теңге жұмсалған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны