17.04.2007, 17:37 3427

Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік мекемелері өзен кемелеріне техникалық қадағалау жасау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. 17-сәуір. Kazakhstan Today. Астанада Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік мекемелері - "Қазақстан Республикасының кеме қатынасы регистрі" және "Ресейдің өзен регистрі" - өзен кемелеріне техникалық қадағалау жасау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар қазақстандық органның іс-қызметінде кемелер мен өзен флоты нысандарының техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаппай мойындалған халықаралық нормалардың жіктеулерін, ережелер мен стандарттарды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Ресейлік мамандар қазақстандық мамандардың біліктілігін көтеру дәрістерін ұйымдастыру, кәсіби шыңдаудан өту, қайта дайындау және оларға арнап семинарлар өткізу ісінде көмек беруге дайын екенін растады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кездесуге ҚР көлік және коммуникация министрлігініңкөлік бақылауы комитетінің, "Қазақстан Республикасының кеме қатынасы регистрі" мемлекеттік мекемесінің, "Ресейдің өзен регистрі"федералдық мемлекеттік мекемесінің, "Ресейдің теңіздегі кеме қатынасы регистрі" мекемесі мен су транспорты саласындағы компаниялардың өкілдері қатысты.

Сонымен бірге шараға қатысушылар "Ресейдің теңіздегі кеме қатынасы регистрі" мекемесіне Қазақстанда тіркелген теңіздегі сауда кемелерінің техникалық жарамдылығын куәландыру қызметін көрсетуіне уәкілеттілік беруге қатысты мәселелерді саралады.

ҚР көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2006-жылы құрылған "Қазақстан Республикасының кеме қатынасы регистрі" мемлекеттік мекемесі ішкі суларда қатынайтын "өзен-теңіз" типті кемелердің техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды жіктеу жұмыстарын атқаруға тиіс.

"Қазақстан Республикасының кеме қатынасы регистрі" мемлекеттік мекемесінің мәліметтеріне сәйкес, 2007-жылдың басындағы жағдаймен Қазақстанда 710 кеме техникалық тіркеуде болса, оның 140-ы мемлекеттік кәсіпорындарға, 570-і жеке меншікке тиесілі. Соның ішінде 483 кеме жүзуге жарамды деп танылған. Ал 227-сін пайдалануға тыйым салынды.

Қазақстандағы кеме қатынасына ашық су жолдарының ұзындығы (Ертіс, Сырдарья, Орал, Киғаш, Іле, Есіл өзендері; сондай-ақ, Бұқтарма, Өскемен, Шульба және Қапшағай су қоймалары; Балхаш және Зайсан көлдері) 3982 шақырымды құрайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны