03.05.2007, 17:48 3656

Қазақстан мен Түркия білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. 3 - мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі мен Түркия Республикасының ұлттық білім министрлігі арнаулы орта және кәсіби білім беруді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Түркияда Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтің басшылығымен барған өкілдері мен түрік жағының арасында болған келіссөздердің қорытындысы бойынша қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, мамырдың 1 мен 3 аралығында өткен жұмыс сапары аясында қазақстандық өкілдер Түркияның ғылыми-техникалық ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік ұйымның басшыларымен кездескен. Кездесу кезінде түрік жағы мамандар дайындаудағы тәжірибелерімен алмасуда көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтты. Хабарламада айтылғандай, "Қазақстан жағын Түркияның тоқыма, туризм салаларындағы мамандарды дайындаудағы тәжірибелері қызықтырып отыр".

Сонымен қатар, түрік жағы қазақстандық ғалымдарды бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін шақырып отыр. Өз кезегінде қазақстандық министр аталмыш саладағы екі жақты ынтымақтастыққа қатысты нақты ұсыныстарға талдау жүргізу қажеттігін айтып өтті. Осы мақсатта екі жақ аталмыш мәселені қарастыру жөніндегі жұмыс тобын құруға келісті.

Сапар аясында сондай-ақ Түркияның жоғарғы аттаестациялық комитетінің (жоғарғы оқу орындарының іс-қызметін қадағалау органы) басшысы Эрдоган Тезичпен кездесу өтті. Кездесу барысында екі елдің жоғарғы оқу орындарының арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Екі жақ бірлесіп ғылыми-тәжірибелік симпозиумдар өткізуге баса назар аударды. Қазақстандық министр Қазақстанда білім саласында іске асырылып жатқан реформаларға қысқаша тоқтала кетіп, Түркияның халықаралық стандарттар деңгейіне сай жеткеші университеттерімен ынтымақтастығын одан әрі дамытуға дайын екендігін хабарлады.

Сыртқы істер министрлігінің анықтама мәліметтеріне сәйкес, қазір Түркияда 700-ге жуық студент білім алуда. Сонымен қатар, Түркияның 500-ден астам студенті Қазақстанда білімін шыңдауда. Қазіргі уақытта 900-ге жуық қазақстандық студенттер Түркияның жоғарғы оқу орындарын бітіріп, Қазақстанда еңбек етуде.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны