13.03.2007, 11:45 2957

Қазақстан, Ресей және Изербайжан мемлекеттері Каспийді қорғау жөніндегі экологиялық шараларға жеткілікті қаржы бөлмей отыр - Ресей есеп палатасының төрағасы

Қазақстан, Ресей және Изербайжан мемлекеттері Каспийді қорғау жөніндегі экологиялық шараларға жеткілікті қаржы бөлмей отыр - Ресей есеп палатасының төрағасы

АҚТАУ. 13-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан, Ресей және Изербайжан мемлекеттері Каспийді қорғау жөніндегі экологиялық шараларға жеткілікті қаржы бөлмей отыр. Бұл туралы Ресей Федерациясының есеп палатасының төрағасы Сергей Степашин кеше Ақтауда өткен Қазақстан, Ресей және Изербайжан мемлекеттерінің жоғарғы қаржылық бақылау органдарының біріккен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, 2006-жылы Ресей Каспий теңізінің Ресейге қарасты айдынында биоресурстарды сақтау мен түрлі экологиялық шараларға 5 млрд рубль бөлген. "Бірақ бұл жеткіліксіз",- деп санайды Ресей Федерациясының есеп палатасының төрағасы.

Өз кезегінде агенттік тілшісінің сұрақтарына жауап берген Қазақстанның республикалық бюджетінің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтың хабарлауынша, тексеру нәтижесінде бюджет қаржысына күні бүгінге дейін пайдаланылмай келген түрлі жабдықтарды сатып алу деректері анықталған. Атап айтсақ, 100 млн теңгеге геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің тапсырысы бойынша жасалған, мұнай ұңғыларын жоюға арналған жылжымалы бұрғылау қондырғысы; 384,2 млн теңгеге қоршаған ортаны қорғау министрлігі сатып алған "Қазгидромет" РМК-ның аумақтық басқармалары мен гидрометеорология орталықтарына арналған зертхана жабдықтары; сондай-ақ, құны 159,2 млн теңгеге сатып алынған, бірақ, Каспий теңізінде пайдалануға жарамайтын және толық жабдықтандырмаған катерлер мүлдем пайдаланылмаған.

Бұған қоса Маңғыстау және Атырау облыстарында шала салынған екі метеорологиялық станция мен бес гидрологиялық бекет қабылдап-өткеру актісі бойынша пайдалануға қабылданған. "Алмаз" теңіз зауыты" ААҚ 2005-жылы құны толық өтелгеніне қарамастан, зертханалық жабдықтары бар кемені уақытында жеткізбеген.

О.Өксікбаевтың айтуынша, сонымен бірге, бекіре тұқымдас балықтардың санын көбейтуге бағытталған қаржының жұмсалу тиімділігі небәрі 2 пайызды құрайды. "Ғалымдардың дәлелдегеніндей, бекіре тұқымдас 100 шабақтың небәрі 2 пайызы ғана тірі қалады екен. Демек, Қазақстан үкіметі тарапынан бөлген бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіруге бағытталған 350 млн теңгенің тиімділігі тым мардымсыз",- деді О.Өксікбаев.

Изербайжан Республикасының есеп палатасы төрағасының орынбасары Аббас Аллахвердиевтің пікірінше де республика бекіре тұқымдас балық түрлерін тиімді пайдалану, сақтау мен санын қалпына келтіру мақсаттарына жеткіліксіз қаржы бөліп отыр. Былтыр бұған 7-8 млн АҚШ доллары арналды.

Сөйтіп бірлескен отырыста тараптар жоғарғы қаржылық бақылау органдарының негізгі іс-қызмет принциптері мен ынтымақтастық туралы келісімдерді басшылыққа ала отырып көптеген мәселелер бойынша мәмілеге келді. Атап айтсақ, отырысқа қатысушылардың пікірінше, Каспий теңізінің экологиялық жүйесіне әсерін тигізетін антропогендік факторлар күшейе түскен қазіргі ахуалда жүйенің жағдайы күрт нашарлау және судағы биологиялық ресурстардың, соның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерінің азаю ағымы байқалуда. Бұл жайт кейінгі кездері тіпті апаттық сипатқа көшті.

Яғни үш мемлекетте бір уақытта жүргізілген тексеру өзекті болып табылады және оның нәтижелері Каспий теңізіндегі биологиялық ресурстарды пайдалану, сақтап қалу және санын қалпына келтіруге бағытталған бірлескен шараларды қабылдауда пайдаланылмақ.

Тараптар Каспий маңындағы барлық мемлекеттердегі балық шаруашылығы үшін айрықша маңызға ие бірегей табиғи-ресурстық жүйені сақтап қалуға бағытталған шараларға республикалар бөліп отырған бюджет қаржысын игеру тиімділігінің төмендігі мен шаралардың кешендік сипатта болмауына байланысты негізгі тексеру қорытындыларына бірыңғай баға берді.

Отырыс барысында сонымен бірге Каспийдегі теңіз ортасы жөніндегі негіздемелік конвенцияны жүзеге асыру жұмыстарының қарқынын қанағаттанарлық емес деп таныды. Мәселен, тараптардың қоршаған орта ахуалына мониторинг жүргізу, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою секілді бағыттардағы іс-қызметін мемлекетаралық үйлестіру талпыныстары қанағаттанарлық емес.

Сонымен бірге Каспийде мемлекетаралық балық шаруашылығын, бірінші кезекте балық қорын қорғау, зерттеу және санын толықтыру іс-шараларын жүргізудің заңдық негіздерін қалыптастыру үшін Каспий теңізінің биоресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімді толықтырып қол қою қажеттігі атап көрсетілді.

Параллель жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша барлық мемлекеттердің үкіметтеріне бекіре тұқымдас балықтардың қорын тиімді пайдалану және сақтауға бағытталған күш-жігерді біріктіруге нұсқау беріліп, осы мақсатта бірлескен шешімдер қабылдаудың процедуралық мәселелерін келісу негізінде Каспий теңізіндегі биологиялық және коммерциялық ресурстарды өнеркәсіптік және табиғи ұдайы өндіру базасын дамыту мен олардың аясын кеңейту бағытында үйлесімді шаралар қолдану ұсынылды. Нәтижелер Қазақстан, Ресей және Изербайжанның мемлекеттік басқарушы органдарына жолданды.

Тараптар өзара қызығушылық тудырған өзекті мәселелер бойынша Ресей Федерациясы мен Изербайжан Республикасының есеп палаталарының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің бірлескен бір уақыттағы тексерулерін өткізіп отыруға бағытталған біріккен жұмыстарды жалғастыруға келісті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны