02.05.2007, 17:29 3229

Қазақстан Республикасында 2012 жылы алты көлік-логистикалық орталық құрылады

АСТАНА. 2 - мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасында 2012 жылы алты көлік-логистикалық орталық құрылады, деп хабарлады бүгін үкімет отырысында Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен белгілі болды.

"Көлік және коммуникация министрлігі 2012 жылдың тамызына дейін көлік - логистикалық орталықтарын - Қорғаста, Алматыда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада, Ақтөбеде құруды жоспарлаған",- деп хабарлады С. Ахметов.

"Жалпы Қазақстандағы көлік-логистикалық қызмет көрсету нарығы бүгінгі күнде жеткіліксіз дамыған. Көлік-логистикалық орталықтардың тиімділігі жоғары желісін құру саланың дербес озық жобасы болып табылады",- деп атап өтті министр.

Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігі басшысының ақпараттарына сүйенсек, көлік-логистикалық орталық - заманауи тасымалдау технологиясының элементі және де "көлік - өнеркәсіп өндірісі - сауда" түйісінде тұтынушыларға қызмет көрсетуге бағытталған. Көлік-логистикалық орталығында телекоммуникациялық және жүк өңдеу құрылғылары бар қойма кешені, сонымен қатар жүктерді тасымалдау және өңдеу процессін ақпараттық-технологиялық тұрғыда қамтамасыз ету, жүк тасымалдау құжаттарын "бір терезе" принципі бойынша рәсімдеу мүмкіндіктері, жүк көтергіш жабдықтар, автотұрақтар, кемпингтер, жүк таситын көліктерге техникалық қызмет көрсету бекеттері болмақ.

"Алдағы 10 жылда елімізде кемінде Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз, Орал, Шымкент, Манкент қалаларында, "Бақты", "Достық", "Тасқала- Озинки", "Қорғас" шекара өткелдерінде "А" класты 15 орташа және 5 ірі көлік-логистикалық орталықтарын салу қажет",- деп атап көрсетті С.Ахметов.

Министрдің пікірінше, "транзиттік жетістіктер, соның ішінде Қазақстандағы көлік-логистикалық орталықтарының жетістіктері жобаға ең алғашқыда әлемдік көлік құрылымдарын, Қытайдың, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің, Еуропаның, Ресейдің жүк жөнелтушілерін тартуға негізделген",- деп хабарлады ол.

"Көлік стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар еліміздің экспорттық әлеуетін көтеруге бағытталған",- деп атап өтті көлік және коммуникация министрі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны