25.02.2008, 16:45 2848

Қазақстан Республикасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының аясында жоспарланған мөлшердің 10 пайызы да оқытылған жоқ

Қазақстан Республикасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының аясында жоспарланған мөлшердің 10 пайызы да оқытылған жоқ

Алматы. 25-ақпан. "Қазақстан Бүгін" - "Ақпараттық теңсіздікті төмендету жөніндегі 2007-2009 жылдарға арналған" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы жылында жоспарланған көлемнің 10 пайызына да жетпейтін көлем оқытылды. Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен "Ақпараттық бастама" корпоративтік қоры өткізген мемлекеттік бағдарламаны қоғамдық мониторингтен өткізудің бірінші кезеңінің аяқталуына арналған баспасөз мәслихатында осындай нәтиже жарияланды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі "Ақпараттық бастама" қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда компьютерлік сауаттылыққа 200 мың адам оқытылған. Сорос-Қазақстан қорының "Бюджеттің ашықтығы және есеп берушілік" бағдарламасының директоры Бота Аязбаева атап өткендей, бұл цифр жоспарланған мөлшерден өте алыс қалған.

"Алғашқы жылы мемлекеттік бағдарламада жоспарланған мөлшердің он пайызы ғана оқытылған болып шықты. Егерде бағдарламаның аяқталуына екі жылға жетпейтін уақыт қалғанда қалған 90 пайыз қашан компьютермен танысып үлгереді? Мұндай жүріспен еліміздің кем дегенде 2,2 млн азаматын компьютерге оқыту қиын болмақ", - деді Б. Аязбаева.

Оның айтуынша, мониторинг барысында анықталғандай, халықтың 80 пайызы ақпараттық теңсіздікті төмендету туралы ештеңе білмейтін, ал қалған 20 пайызы бағдарлама жөнінде естіген, алайда, оның мақсаты мен міндеттерінен хабарсыз болып шықты. Алғашында компьютерлік сауаттылық курстары жоғары сұраныс есебінен және қазақстандықтардың заманауи икемделу мен білімді ерікті түрде игеру ниетінен ашылады деп есептелген еді. Бірақ, аймақтардағы түсіндіру жұмыстарының болмауы жаз мезгілдерінде тіпті тегін курстардың өзіне баратын адамдардың табылмауына алып келген.

Бағдарламаның алғашқы жылының аяқталуына орай мемлекеттік органдар сонда да болса мөлшерлік көрсеткіштер бойынша есеп берді. Дегенмен, ашық ақпарат көздерінен бағдарламаның сапалық көрсеткіштері бойынша ақпаратты табу мүмкін болмады. Үкіметтік емес ұйымдардың ресми сұрау салулар көмегімен бағдарламаның орындалу сапасын, сондай-ақ, 2007 жылы игерілген бюджет қаражатының көлемін бағалау табыс әкелмеді, деп хабарлады қор өкілдері.

"Ақпараттық бастама" қоры "Ақпараттық теңсіздікті төмендету" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты республикалық және аймақтық құрылымдарға жөнелтілген 18 сұрауының ешқайсысына жөнді жауап ала алмаған. Ирине, бұл ақпарат мемлекеттік құпия емес. Бірақ, азаматтық белсенділерге ол жөнінде баяндауға ешкім ұмтылар емес. Осылайша, олар халық салығынан құрылған құрылымдар жұмысының ашық болу қағидасын толығымен жоққа шығарып отыр", - деп хабарлады қор өкілдері.

"Қоғамдық мониторинг нәтижесіне мемлекеттік органдар тарапынан қызығушылық пайда болып келе жатқанын көріп отырмыз. Алайда, соның өзінде ол барлығында бірдей көрініс тапқан жоқ. Соған қарамастан, Қазақстанда компьютерлік сауаттылар саны тек ресми есеп берулерде ғана емес, іс жүзінде де өсуі үшін ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасының сапалық көрсеткіштерін жақсарту бойынша мемлекеттік органдармен конструктивті диалог орнатуға үмітті", - деді "Ақпараттық бастама" қорының директоры Михаил Тюнин.

Естеріңізге сала кетсек, жүзеге асуы үшін 15 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған "2007-2009 жылдардағы ақпараттық теңсіздікті төмендету" мемлекеттік бағдарламасының мақсаты Қазақстанда халықтың компьютерлік сауаттылығы мен Интернет желісін пайдаланушылар деңгейін 20 пайызға жеткізу болып табылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны