27.05.2010, 17:33 6088

Қазақстан суармалы су мәселесі бойынша Қырғызстанға тәуелді болуға тиіс емес - депутат

Үкіметаралық деңгейде су қоймасын бақылауды, күзетілуін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Қазақстан жағына беруді немесе осы жұмыстарды бірігіп атқаруды жүзеге асыру керек деп есептеймін, деді депутат.

Астана. 27 мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстан суармалы су мәселесі бойынша Қырғызстанға тәуелді болуға тиіс емес. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Амангелді Момышев Республика премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Сауалда былай делінген: "Менің депутаттық сауалым тағы да Қырғыз Республикасының Киров су қоймасынан Қордай ауданындағы Шу өзенінен бастау алатын Георгиевка магистральдық каналы, батыс үлкен Шу каналы, "Объединенный", "Колос", "Жіңішке - Ақтас" каналдарына су беруді тоқтатқаны болып отыр.

Бейресми көздерден алынған деректер бойынша бұл әрекеттің туындауына Қазақстан жағының мемлекеттік шекараны жабуы себеп болған сияқты. Елбасымыз шекараны ашуға рұқсат бергеннен кейін 20 мамырдан бастап суды жайлап жіберуге рұқсат берген. Осындай әрекеттердің арқасында судың басында отырған қырғыздықтар өмір бойы кез- келген жағдайда бізге қоқан-лоққы көрсетіп, бізді қорқынышта ұстамақшы.

Қырғыз жағынан ағын суды бөгеген жағдайда Жамбыл облысының 100 мың гектардан аса алқаптарындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін жоғалтуға тура келетін болып отыр.

Жамбыл облысы агроқұрылымдары егіншілікке қажетті суды негізінен Қырғыз Республикасынан алады. Бұл облыста басым көпшілігі суды қажет ететін қызылша егілетіндіктен 2008 жылы Меркі, Байзақ, Қордай аудандарында су тапшылығынан қызылша және басқа да егіндіктер күйіп кетті. Себебі қырғыздардың өздеріне су жетіспей Манас ауданының суармалы жерлеріне ғана жіберіп отырды. Біз қырғыздар қашан су береді деп күтіп отырамыз. Су бермеген жағдайда, әрине егініміз шықпайды. Ал біздерді су жинайтын, сақтайтын қойма соғылған жоқ. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында қыс-көктем кезінде жиналған су тек Жамбыл ауданының егін суғаруына ғана жетеді.

Менің айтайын дегенім, өздеріңіз білесіздер, талай жылдар талай жиындардың талқысына түсіп, көкейтесті мәселеге айналған "Көксарай" су бөгеті маңындағы маңызды әңгімеге ақыры нүкте қойылып, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының тұрғындарын алаңдатқан қауіпті, әрі қордаланған күрделі түйткілдерді шешетін су реттегіштің құрылысы қазір іске қосылды. Күрмеуі қиын болған, тағдыры Елбасының ықпалымен, зордың күшімен шешілген "Көксарай" су реттегіш бөгеті биылғы жылдың өзінде елдің игілігіне айналды. Көксарай арнасын салғанша Қырғыздардан суды Шардара су қоймасына аз жіберуін сұрап, Өзбекстан өздеріне суды көп жіберуін қалап жататын. Соның өзінде Оңтүстік Қазақстанның және біраз жерін су алып кетіп, жылына 1,5 млрд теңге қаражат жұмсап, Сырдарияның арнасын жөндеп, қираған елдің үйлерін қалпына келтіріп шығынға белшеден батып жататынбыз. Қосалқы су қоймасын салуға кейбіреулердің қарсы болғанын айтсаңысшы. Экология бұзылады деп сайрағанын білесіздер, су барған жерге экология бұзылушы ма еді?

Тек Елбасы тікелей нұсқауымен салғызбаса осылай миллиардтаған қаражатты судан келген зардапқа шығындалып жатар едік. Биыл жауын-шашын көп болды. Соған қарамай Шардара су қоймасы асып-тасыған жоқ. Бұл Көксарай су реттегішінің арқасы емес пе.

Сырдың тасқан суының зардабын Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары соңғы 10 жылдың көлемінде қатты тартып келсе, ал Киров су қоймасы Жамбыл жұртын алаңдатуда. Су басында қырғыз ағайындардың білермендігі қайран кеңпейілді қазекемді қатерлі жағдайға қалдырып отыр. Еңістегі, төменгі ойпаттарға орналасқан көптеген елді мекендерге су астында қалу қаупін тудыруда. Халықаралық су-энергетика консорциумын құру жөніндегі қазақстандық бастамаға іргедегі екі елдегілер мойынұсынып, құп алар емес.

Сондықтан Жамбыл облысында суармалы шерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында су қоймасын соғып, суды көктемде жинап алу керек. Ийтпесе біздің көрген күніміз өмір бойы қырғыздарға жалынып, су сұрап отырамыз. Сол себепті Қордай, Меркі аудандарына, Тараз қаласының жоғары аумағында су қоймасын соғу қажеттігі бүгін туындап отыр деп ойлаймын.

Киров су қоймасынан Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Талас аудандары суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, егістік көлемін арттыруға мүмкіндік тудырады. Қысқы-көктемгі суды сақтап, толық пайдалануға жағдай жасайды. Артық судың беталды босатылуын болдырмай, ысырапқа жол бермейді. Суды уақытысында алып бұл біздің облысымыздағы егін егіп, суғарып отыру елдің бүгінгі күнгі өмірі. Ал тағы бір жағы, Киров су қоймасы өте қауіпті нысан болып отыр. Егерде платина бұзылған жағдайда (жер сілкінісі, террористік әрекет жасалғанда) біздің облысымыздың Тараз қаласы мен 17 елді мекенді, яғни 2320 км квадрат аумағын су шайып кету қаупі бар. Сондықтан өз жерімізде Киров платинасынан аққан суды жинайтын, сақтайтын платина соғу керек. Соның арқасында жиналған сумен егінді уақытысында суғарып отыруға болады. Тағы бізге келіп тұрған қауіпті су шайып кетеді дегеннен құтылар едік.

Ендігі бір ерекше айтар, Республика Үкіметі мен су саласындағы ғалымдардың, тиісті мекемелердің басын ауыртып, балтырларын сыздатар, өзекті мәселеге жоғарыдағылар әлі де көз жұма қарап, анау айтқандай өткір мәселе ретінде қарамай отырғаны қабырғаға батады. Біз Қырғыз Республикасына суға тәуелді болмай, Киров су қоймасының қауіпінен құтылу үшін:

Қордай, Меркі аудандарында су қоймасын соғуымыз керек. Жобалау-сметалық құжаттары да бар көрінеді. Ал Тараз қаласының жоғары жағына плотинаның жобалық-сметалық құжаттамасын жасап, Талас өзенінің бойынан су тасқынынан қорғайтын және суармалы жерді қажетті кезінде сумен қамтамасыз ету мақсатында тиімді құрылыс нысанын салу туралы шешім қабылдауыңыз керек.

Сонымен қатар Үкіметаралық деңгейде су қоймасын бақылауды, күзетілуін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Қазақстан жағына беруді немесе осы жұмыстарды бірігіп атқаруды жүзеге асыру керек деп есептеймін.

Біз осы жұмыстарды орындамасақ жағдайымыз Қызылағаштан ары жаман болатынымыз хақ және Жамбыл облысының тұрғындары су тапшылығын көргені көрген".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны