15.07.2009, 10:02 2225

Қазақстанда 2009 жылғы 15 шілдеден бастап Еуро 2 стандарты енгізіледі - Көлік және коммуникация министрлігі

Қазақстанда 2009 жылғы 15 шілдеден бастап Еуро 2 стандарты енгізіледі - Көлік және коммуникация министрлігі

Астана. 15 шілде. "Қазақстан Бүгін" - 2009 жылғы 15 шілдеде Қазақстанда Еуро 2 халықаралық техникалық және экологиялық стандарты енгізіледі, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда Еуро халықаралық техникалық және экологиялық стандарттарын енгізу үшін Қазақстан Республикасы үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 қаулысымен Қазақстан аумағында айналымға шығарылатын автокөлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығындыларына қойылатын талаптар туралы Техникалық регламент бекітілді. Бұл құжат Еуро стандарттарын енгізуді кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді. Мысалы, автокөлік құралдары үшін Еуро-2 экологиялық кезеңі 2009 жылғы 15 маусымнан, Еуро-3 - 2011 жылғы 1 қаңтардан, ал Еуро-4 - 2014 жылғы 1 қаңтардан басталады.

Жанар-жағармайға қатысты айтатын болсақ, Еуро-2 стандарты 2010 жылғы 1 қаңтардан, Еуро-3 - 2014 жылғы 1 қаңтардан, ал Еуро-4 - 2016 жылғы қаңтардан кешіктірмей енгізілуі тиіс.

Еуро стандартын енгізілуімен Қазақстан аумағына аталған стандарттарға сәйкес келмейтін көлікті әкелуге және өндіруге тыйым салынып, олар үшін өндірілетін жанар-жағармай сапасын жақсарту қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бұл пайдаланудағы автокөлік паркін жаңартуға, экологиялық мәселелерді (оның ішінде ірі қалаларда) шешуге және жол қауіпсіздігі деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Айта кететін жайт, Еуро-2 енгізілуімен 1997 жылға дейін, ал Еуро-3 енгізілуімен (2011 жылдан бастап) 2001 жылға дейін шығарылған еуропалық автомобильдерді әкелуге тыйым салынады. Бірақ, аталған жаңа экологиялық талаптар қолданыстағы автокөліктерге қатысты болмайды, оларды толықтай амортизациялағанға және біржола тозғанға дейін қолдануға болады.

Еуро нормасы - бұл автокөлік құралдары шығарған газдарының улы заттарын шектеу және автокөлік техникасы үшін жанармай сипаттамасына қойылатын талаптар. Бұл талаптар, ең алдымен, автомобиль өндірушілерге арналған.

Ен алғашқы жалпы еуропалық Еуро-1 улы заттар нормалары 1993 жылы енгізілді. Еуро-2 1996 жылы енгізілді: шығындыларға қойылатын талаптар 1,5 есе қатайтылды, оны тек қана жанар-жағармай жіберу және каталитикалық бейтараптандырушы жүйелері бар жанармай қозғалтқышы бар көліктер сай келетін болды. Еуро-3 нормалары Еуропа елдерінде 2000 жылы енгізіліп, Еуро-2-мен салыстырғанда салқындатып іске қосу параметрлерін айқындап, Еуро-2 нормаларына қарағанда улы заттардың шекті шығындылар көлемін 25 пайыз мөлшерінде қысқартады (Еуро-1-мен салыстырғанда екі есе). Бүгін күні Еуропа Еуро-3 салыстырғанда барлық көрсеткіштер бойынша нормалары екі есе қатайтылған Еуро-4 стандартына көшті.

Жақын шетел аумағында Еуро-2 Ресейде, Украинада және Өзбекстанда енгізілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны