Қазақстанда ақысыз қан донорлығы саласында тұрақты өсім байқалады
Астана. 15 Маусым. Kazakhstan Today - Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Республикада қан донорлығын дамыту - жалпы мемлекеттік міндет" тақырыбында өткен брифингте ҚР ДСИДМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығыныӊ трансфузиолог дәрігері Зәуреш Илменова мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.
Брифингте Қазақстанда ақысыз ерікті донорлықты дамыту мәселелеріне үлкен көӊіл бөлінді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыныӊ (ДДҰ) ұсынысына сәйкес, ерікті ақысыз донор "алтын стандарт" боп табылады, ал қаржылай немесе өзге де мүддесі бар донорлар әлеуетті қауіпті санатқа жатады. Ерікті донорлық - қанмен қамтамасыз етудіӊ тұрақты және қауіпсіз базасы. Ақысыз донорлық жүйесі болмаса, әлемніӊ бірде-бір елі қан құюға мұқтаж науқастарды қанныӊ қажетті көлемімен қамтамасыз ете алмайды.
ҚР ДСИДМ Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығыныӊ трансфузиолог дәрігері Зәуреш Илменова брифингте Қазақстанда соӊғы жылдары ақысыз қан донорлығы саласында тұрақты өсімі байқалатынын айтты. Бір жылда республиканыӊ қан қызметі 200 мыӊ литр қан даярлап, 300 мыӊдай донация жасайды.
Қазіргі уақытта ҚР ДСИДМ донорлықты дамытудыӊ ұлттық стратегиясын әзірлеуде. Ол еліміздегі ақысыз ерікті қан донорлығын халықаралық стандарттар деӊгейіне жеткізуді мақсат етеді.
ДДҰ Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйнович Қазақстанда донорлыққа қатысты жағдайды жақсарту бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап көрсетті. Бір жағынан қан қызметін қайта жасақтау, трансфузиялық терапияныӊ қауіпсіздігі мақсатында қан компоненттерін даярлау технологияларын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылса, екінші жағынан ақысыз ерікті донорлықты дамыту бойынша тұрғындармен жұмыстар жүргізілуде.
Өз кезегінде Халықаралық трансфузиологтар қоғамыныӊ Шығыс Еуропа және ТМД елдері бойынша жетекшісі Евгений Жибурт ДДҰ және Халықаралық трансфузиологтар қоғамы қабылдаған "Донорлық этикасы және қан құю туралы кодекс" туралы әӊгімеледі.
"Кодексте донорлықтыӊ басты уәждемесі жақын адамдарға көмектесу екені жазылған. Халықаралық қоғамдастық тек ақысыз донорлықты дамытуды қолдайды",-деді ол.
Брифингте ақысыз ерікті донорлықты дамыту мәселесінде үкіметтік емес сектордыӊ рөлін арттыру қажеттігі айтылды. Қазақстанда 2011 жылы алғаш рет ақысыз ерікті қан донорлығын насихаттау жобаларын іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға қаражат бөлінді. 2013 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігініӊ әлеуметтік тапсырысы аясында "Капля жизни" қоғамдық бірлестігі "Қазақстанда ақысыз ерікті қан және гемопоэтикалық діӊ жасушылары донорлығын дамыту" жобасын іске асырды. Жоба шеӊберінде 17 қан орталығында ерікті ақысыз донорлық мектептері ашылды. Олардыӊ жұмысы тұрғындар арасында ақысыз ерікті қан және гемопоэтикалық діӊ жасушылары донорлығын насихаттауға бағытталған.
Сонымен қатар, брифингке "Алқалы Кеӊес" корпоративтік қорыныӊ жетекшісі қатысты. Бұл қор шектес қызметтермен, оныӊ ішінде халықаралық деӊгейде ынтымақтастық және тәжірибе алмасу жолымен Қазақстанда трансфузиология саласын қолдау және дамыту мақсатында құрылды.
Еске сала кетейік, 14 маусымда әлемніӊ көптеген елдерінде Дүниежүзілік қан доноры күні атап өтіледі. Бұл күні республика бойынша тұрғындар арасында ақысыз донорлықты дамытуды насихаттайтын түрлі кеӊ ауқымды іс-шаралар өткізілді.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі