19.06.2012, 14:31 5580

Қазақстанда АҚТБ ахуалы тұрақталып келеді

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азия елдерінде инъекциялық есірткі пайдаланушылар арасында АҚТБ-инфекциясының таралуының алдын алуға арналған жиын барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов мәлім етті.

Астана. 19-маусым. Kazakhstan Today - Қазақстанда АҚТБ ахуалы тұрақталып келеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы бүгін Астанада Орталық Азия елдерінде инъекциялық есірткі пайдаланушылар арасында АҚТБ-инфекциясының таралуының алдын алуға арналған жиын барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов мәлім етті.

"Эпидемияға қарсы жүйелі шаралардың нәтижесінде АҚТБ, яки ВИЧ-инфекциясы айналасындағы ахуал тұрақталып отыр. 2008 жылмен салыстырғанда 2011 жылы дертті жұқтырғандардың саны 14 пайызға азайды", - дейді ол.

2011 жылы ЖҚТБ (жұқтырылған қорғаныш тапшылығының белгісі немесе СПИД) дертіне шалдыққан науқастардың саны азайды десек те, ағымдағы жылдың 1 мамырындағы дерек бойынша елімізде 18 459 АҚТБ-инфекциясы бар науқас тіркелген. Аталмыш дерт Қазақстанда тіркелгелі бері 3 мың 600 адам індет салдарынан көз жұмды. Бұл жөнінде республикалық ЖҚТБ-ның алдын алу һәм емдеу орталығы мәлімдеп отыр.

"Бүкіләлемдік экономикалық форумның 2011 жылғы рейтінгісінде Қазақстан 142 елдің ішінде ЖҚТБ таралу деңгейі бойынша 21 орында тұр. Осы орайда Қазақстан Үкіметі ғасыр індетіне қарсы іс-шараларды халықаралық және отандық үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқаруды басты басымдық деп қарастырады", - деп атап көрсетті С. Мусинов.

Жалпы, ЖҚТБ дерті елімізде 23 жыл бұрын тіркелген. Республика бойынша Алматы қаласында дертке шалдыққан науқастар саны басым. 23 жыл ішінде оңтүстік астанамызда 557 адам АҚТБ-инфекциясынан көз жұмса, ЖҚТБ 88 адамның өмірін қиды.

Кеңес жұмысына Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина, Австралия елдерінің денсаулық сақтау, ішкі істер және әділет салаларының ұлттық сарапшылары, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушы - Дүниежүзілік денсаулық ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы, қабылдаушы тарап - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.

3 күнге созылатын кеңес кезінде сарапшылар инъекциялық есірткі пайдаланушылар АҚТБ дертіне шалдыққан жағдайда алдын алу, емдеу және көмек көрсетуді кеңінен қамтып, қолжетімділігі мен сапасын арттыру жолдарын анықтайды. Бұл өз кезегінде инъекциялық есірткі пайдалану нәтижесінде дертті жаңадан жұқтыратындар санын азайтуға және індетке бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны