13.04.2007, 18:07 5589

Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы заңның нормалары күні бүгінге дейін орындалмай отыр

АЛМАТЫ. 12-сәуір. Kazakhstan Today. Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы заңның нормалары күні бүгінге дейін орындалмай отыр. Бұл туралы бүгін экологиялық мәдениетті интеграциялау қорының президенті Евгений Климов "Генетикалық модификацияланған организмдерден азат аймақтар үшін" деген ұран астында өткізілген "Генетикалық модификацияланған организмдерге қарсы халықаралық іс-әрекет күндері" атты баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заң күшіне енгелі үш жыл өтті. Біз жауапты атқарушы органдардың осы үш жылда аталмыш заң мен оның нормаларын жүзеге асыруға ешбір қадам жасамағанын анықтадық",- деп мәлімдеді Е.Климов. "Қазақстан нарығындағы трансгендік өнімдерді бақылайтын зертхана құрылмаған, ал бұл - аталған заңның бір талабы",- деді ол.

Сонымен бірге оның айтуынша, "Қазақстанда модификацияланған өнімдерді айқындайтын стандарттар жасалмаған. Іс жүзінде олар заң күшіне енген сәттен бастап жасалуға тиіс болған".

Е.Климов азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы заңның елімізде 2004-жылы қабылданғанын еске салды. Құжатқа сәйкес, балаларға арналған, емдеу-профилактикалық және диеталық азық-түлік өнімдерін өндіруде генетикалық модификацияланған ингредиенттерді пайдалануға тыйым салынған, ал құрамында генетикалық инженерияның көмегімен алынған ингредиенттері бар өнімдерді міндетті түрде таңбалау талап етіледі, деді ол.

Сонымен бірге ол құрамында генетикалық модификацияланған организмдері бар азық-түлік өнімдерінің таңбаланбауына қатысты алаңдаушылық танытты. "Егер сіз базарға немесе дүкенге барсаңыз, ондай бірде-бір өнім таппайсыз, ондайлар жоқ",- деді Е.Климов.

Оның ақпаратына сәйкес, Алматыда генетикалық модификацияланған организмдер балалар мен спортшыларға арналған азық-түлік өнімдерінен табылған. Мәселен, Е.Климов мысал ретінде "Нестле" компаниясы өндірген "Нестле НАН" атты балаларға арналған лактозасыз қоспаны атады. Одан Мәскеудегі бір арнаулы мамандандырылған зертханадағылар генетикалық модификацияланған организмдерді тапқан.

Өз кезегінде Қазақстанның тұтынушылары лигасының президенті Светлана Савченконың хабарлауынша, ол басқаратын ұйым тұтынушылар тобының атынан сотқа шағымданғалы отыр. "Біз сотқа дейін арнаулы тәртіппен компанияға хабарласып, осы мәселе бойынша өз пікірлеріміз бен наразылықтарымызды жеткіздік",- деді ол. "Егер дүниежүзіне танымал "Нестле" компаниясы Қазақстан аумағында заңмен тыйым салынған дүние - құрамында генетикалық модификацияланған организмдері бар балаларға арналған және емдеу-профилактикалық мақсаттағы азық-түлік өнімін сатып отырған болса, біз сотқа шағымданып, ондай өнімнің еліміз айумағында сатылмауын талап ететін боламыз",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны