27.04.2012, 13:21 22408

Қазақстанда білім берудің халықаралық стандарттары енгізілуде

Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат аталмыш салаға халықаралық стандарттарды енгізуге, ашық білім беру саласын құруға, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталып отыр.

Астана. 27-сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстанда білім берудің халықаралық стандарттары енгізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Болон декларациясына қол қойған алғашқы Орталықазиялық мемлекет және Еуропалық жоғары білім беру аумағының толыққанды мүшесі атанып отыр. Болон процесінің идеялары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негіздерінің бірі.

Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат аталмыш салаға халықаралық стандарттарды енгізуге, ашық білім беру саласын құруға, бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға бағытталып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрі кеше, 26 сәуірде Бухарест қаласында, Еуропалық жоғары білім кеңістігі министрлерінің конференциясында сөйлеген сөзінде атап көрсеткендей, елімізде Болон процесінің барлық қағидалары мен бағыттары біртіндеп қолданысқа енгізілуде.

"Еуропалық кеңістіктікте қабылданған мамандар даярлаудың үшсатылы жүйесіне ауысқанымызға 5 жылдан асып қалды. Қазақстанда жоғары білім жүйесінің құрылымы толық өзгертілді, оқытудың кредиттік технологиясы енгізілді. Студенттер мен оқытушылардың академиялық белсенділіктері артуда",- деп атап көрсетті министр өз сөзінде.

Қазақстандық жоғары оқу орындары, оның ішінде бірінші болып "Назарбаев Университеті" Еуропадан студенттер қабылдауға дайын. Министр сондай-ақ Астанада Болон процесінің Бюросын құру туралы ұсыныс жасады.

"Еуропалық жоғары білім беру кеңістігін кеңейту және Болон процесінің Орталық Азиядағы ролін арттыру мақсатында Қазақстанның елордасы - Астана қаласында Болон процесінің Орталық Азия бойынша бюросын ашуды ұсынамыз",- деді Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде.

Қазіргі таңда Қазақстан Болон критерийлері бойынша жұмыс істейтін Тәуелсіз аккредитациялық агенттіктердің ұлттық желісін құруға кірісті. Уақыт өте бұл агенттіктер білім беру сапасының жалпыеуропалық жүйесіне кіретін болады деп жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың наурыз айында Қазақстан Болон декларациясына қол қойды. Болон процесіне қосылу Қазақстанға жоғары мектептерді жаңғыртудың негізгі бағыттары мен басымдықтарын анықтап беріп отыр.

Болон процесінің тұжырымдамасына сәйкес Қазақстанда міндетті курстар мен таңдауға мүмкіндік берілетін курстардың арақатынасы өзгеруде. 2011 жылдың басынан бастап оқу орындарының бакалавриаттағы академиялық еркіндігі 55 пайызға дейін, магистратурада - 70 пайызға, докторантурада - 90 пайызға дейін кеңейтілді. Бұл бастама оқу орындарына жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестерді тарта отырып өз беттерінше білім бағдарламаларын жасауға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда 38 жоғары оқу орны бірлескен білім бағдарламаларын әзірлеген және солар бойынша жұмыс істеп жатыр.

Барлық оқу орындары оқытудың кредиттік технологиясы бойынша үшсатылы модельге (бакалавриат - магистратура -докторантура) сәйкес кадрлар даярлауда. Оған қоса "өңірлік ЖОО -ұлттық университет" қағидасы бойынша ішкі академиялық мобилділік тетігі жасалып отыр, яғни өңірлік жоғары оқу орындарының студенттері республиканың жетекші оқу орындарында оқи алады. 2011 жылы өңірлік оқу орындарының 400-ден астам студенті мен магистранты еліміздің жетекші университеттерінде оқу мүмкіндігіне ие болды. Және шетелдерден шақырылған профессорлардың саны жыл санап артып келеді.

Тағы бір айта кететін жайт, 2011 жылы 350 қазақстандық магистрант Еуропаның, Оңтүстік-Шығыс Азия және ТМД елдерінің үздік оқу орындарында бір академиялық кезең білім алып қайтты. Өткен жылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында 1700-тен астам шетелдік ғалымдар мен оқытушылар дәрістер оқыды, семинарлар жүргізді.

Болон процесіне қосылу Қазақстанға еуропалық білімге деген қолжетімділікті кеңейтуге, білімнің сапасын және ұлттық білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны