26.06.2008, 10:34 1289

Қазақстанда "Болашақ" стипендиясын тағайындауға үміткерлерді таңдаудың жаңа ережесі бекітілді

Қазақстанда "Болашақ" стипендиясын тағайындауға үміткерлерді таңдаудың жаңа ережесі бекітілді

Астана. 26 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті. Оның барысында "Болашақ" стипендиясын тағайындауға үміткерлерді таңдаудың жаңа ережесі бекітілді. Бұл туралы "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісіне ҚР президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Комиссия жұмысының нәтижесі "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеудің жаңа ережесін бекіту болып табылатынын мемлекеттік хатшы атап өттті", - деп көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бұдан былай ауылдық елді мекендердің тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер мен ғылыми және педагог қызметкерлер үшін мақсатты квота көзделіп отыр. "Бұл - ауылдық мектептердің үздік түлектерінің, мемлекеттік қызметте, ғылыми және педагогика қызметінде өзін жақсы қырынан танытқан адамдардың сапалы шетелдік білімге қол жетімділігі болады деген сөз", - деп атап көрсетті ол.

Жоғарыдағы ережеге сәйкес, конкурсқа қатысу үшін негізінде мынадай санаттағы тұлғалар үшін қосымша мақсатты квоталар бөлу көзделген:

- ауылдық елдi мекендерде орналасқан білім беру ұйымдарында кемінде 9 жыл оқыған арнаулы жоғары білім, бакалавр дәрежесін алуға үміткерлер;

- конкурсқа қатысу сәтінде соңғы 3 жылда мемлекеттік қызметте үзіліссіз жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметкер болып табылатын магистр дәрежесін алуға, клиникалық ординатурада оқуға үміткерлер.

Жаңа квоталар сондай-ақ, конкурсқа қатысу сәтінде мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және жоғары білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлері болып табылатын, конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырған сәттегі соңғы жылды қоса алғанда, көрсетілген мекемелерде ғылыми қызметкер ретінде кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар ғылыми тағылымдамадан өтуге үміткерлерге бөлінеді.

Сонымен қатар, үміткерлердің мемлекеттік тілді білуі конкурс талаптарының бірі болып енгізілген, деп атап көрсетті баспасөз қызметі.

"Біздің комиссия мен Білім және ғылым министрлігінің міндеті - квоталардың неғұрлым тиісті кандидаттармен толықтай толығуын қамтамасыз ету", - деп атап көрсетті Қ. Саудабаев.

Осы комиссия мәжілісінің қарауына 149 үміткердің жеке ісі шығарылды. Оның ішіндегі алтауы конкурстық іріктеуге шетелдік жоғары оқу орнына өз бетімен түскендер ретінде, ал 143 үміткер іріктеуге жалпы конкурс негізінде қатысып отыр. Олардың ішінен 51 үміткер магистратура бағдарламасымен оқуға өтініш берсе, 98 үміткер бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға өтініш берген, деген ақпарат ұсынды баспасөз қызметі.

Үміткерлердің көпшілігі оқуға құжаттарын АҚШ (55 адам), Ұлыбритания (45 адам), Ресей (14 адам) мемлекеттерінің білім ордаларында оқу үшін тапсырған. Үміткерлердің негізгі бөлігі келесі мамандықтар бойынша оқуға ниет білдірген: "Ақпараттық технологиялар мен жүйелер" (31 адам), "Экономика" (18 адам), "Телекоммуникация" (12 адам), "Өнеркәсіп саласындағы инженерлік ғылымдар" (11 адам). 12 адам медициналық мамандықтар бойынша оқуға конкурстық іріктеуден өткен, деп көрсетілген хабарламада.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны