20.05.2008, 16:47 3340

Қазақстанда бұқаралық спортқа жыл сайын бюджеттен кем дегенде 600 - 650 млн теңге бөліп отырған жөн - Досмұхамбетов

Қазақстанда бұқаралық спортқа жыл сайын бюджеттен кем дегенде 600 - 650 млн теңге бөліп отырған жөн - Досмұхамбетов

Астана. 20 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға жыл сайын бюджеттен кем дегенде 600 - 650 млн теңге бөліп отырған жөн. Бүгін үкімет отырысы барысында Қазақстан Республикасының туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту шараларын қаржыландыру халықаралық көрсеткіштерден өте төмен және 80 млн теңгеден аспайды. Ал елдегі осы жұмысты ұйымдастыруда ең төменгі қажеттілік жылына 600 - 650 млн теңгені құрайды", - деді Т. Досмұхамбетов.

"Дене шынықтыру мен спорт көмегімен аурулардың алдын алып, профилактикасын жасауды қаржыландыру мемлекетке денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың 70 - 80 пайызын салауатты өмір салтын ұстанбағандықтан туындаған ауруларды емдеуге шығындағаннан әлдеқайда тиімді", - деп есептейді ол.

"Өкінішке орай, статистика мәліметтері Қазақстанда дене шынықтырумен жүйелі түрде халықтың тек 15 пайызы ғана айналысатынын көрсетіп отыр. Ал Еуропада бұл көрсеткіш 50 пайыздан жоғары", - деді министр. Ол бұл жағдайды сонымен қатар, 15,5 млн халқы бар Қазақстанда тек 1000 ғана спорт клубы болуымен, ал 60 млн халқы бар Франция мен Ұлыбритания елдерінде мұндай клубтардың саны 150 мыңнан асып жығылатынымен байланыстырды.

Осыған байланысты ведомстволық және қоғамдық спорт клубтарын құру жөніндегі жұмыс тобы үкіметке бұқаралық спортты дамыту орталығын құру жөнінде ұсыныс енгізді. "Бұл орталық ведомстволық бөлімшелерде спорт клубтарын құру, сондай-ақ, әрбір мекемеде әрбір 500 адамдық штатқа бір-бір дене шынықтыру әдіскерін бөлуді қарастыратын норматив енгізу жұмыстарын жүргізетін болады", - деп түсіндірді Т. Досмұханбетов.

"Осылайша біз меншік түріне және ұйымына қарамастан әр мекемеде, әр еңбек ұжымында дене шынықтыру ұжымын қалыптастыруға қол жеткіземіз", - деп толықтырды министр. Сонымен қатар, оның айтуынша, Туризм және спорт министрлігі Қазақстанда тұрақты негізде өткізіліп отыратын бұқаралық спорттық жарыстардың санын ұлғайтуға ниет танытып отыр.

"Қазір министрлік жыл сайын 3 миллионнан астам адамды қамтыған 20 мыңға дейінгі бұқаралық-спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру шараларын өткізеді. Бұл бірінші кезекте президент сынағын тапсыру айлықтары, президент шақырымына бұқаралық жүгірістер. Оларға бүкіл республика бойынша 2 миллионға дейін адам қатысады. Қазір Білім және ғылым министрлігімен, облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, "Былғары қолғап" (балалар футболы), "Алтын шайба" (балалар хоккейі), "Жайдарман старт" (балалардың жеңіл атлетикалық эстафетасы), "Шаңғы шақырады" турнирлерін қайта жаңғыртуға кірістік", - деді Т. Досмұхамбетов.

Сонымен бірге, Туризм және спорт министрлігі Қорғаныс минстрлігімен бірлесе отырып, әскер қатарына шақыруға дейінгі және әскер қатарына шақырылатын жастардың спартакиадасын және спорттың әскери-техникалық түрлерінен сайыстар өткізу түрінде республиканың Қорғаныс күштерінде қызмет етуге жастар даярлау жұмыстарын қайта қолға алмақ.

"Халықтың бәріне бірдей спорттың қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша президент тапсырмасын орындау мақсатында аудан орталықтарында, ауылдарда, елдімекендерде мемлекеттік және жергілікті бюджет қаражаты есебінен , сондай-ақ, жеке инвестиция тарту жолымен типтік дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынатын болады. Оларда теннис корттары, футбол алаңдары, күрес, бокс залдары, спорттың "үстелдік" түрлерінің (шахмат, дойбы және т.б.) залдары қарастырылған. 2012 жылға қарай барлық өңірлер мен ірі елдімекендерде осындай 200 кешен салынады деп жоспарлап отырмыз", - деп хабарлады туризм және спорт министрі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны