04.12.2008, 09:52 1972

Қазақстанда дайындалған жаңа жылдық шыршаларды еркін сатуға тыйым салынған - ҚР АШМ

Қазақстанда дайындалған жаңа жылдық шыршаларды еркін сатуға тыйым салынған - ҚР АШМ

Астана. 4 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда дайындалған жаңа жылдық шыршаларды еркін сатуға тыйым салынған, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің абспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Қазақстанда дайындалған жаңа жылдық шыршаларды еркін сатуға тыйым салынған, ал басқа елден әкелінген жаңа жылдық шыршаларды сататын сатушыда тиісті құжаттар болуы міндетті".

Орман және аң шаруашылығы комитеті ормандарды қорғау мақсатында қажетті шараларды қабылдауда, солардың бірі жаңа жыл қарсаңында жас шыршаларды қорғауды күшейту жұмыстары.

ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 2008 жылғы 20 қарашадағы № 383 бұйрығына сәйкес ұйымдар мен мекемелерде жаппай мәдени іс-шаралар өткізу үшін республиканың мемлекеттік орман иелеушілерінің жаңа жылдық шыршаны дайындауы және босатуы облыс әкімдіктерінің берген өтінімдері негізінде комитеттің рұқсатымен ғана жүргізіледі.

Үстіміздегі жылы да Қазақстанның тұрғындарының өткен жылдардағыдай Ресей Федерациясы мен басқа да шекаралас мемлекеттерден әкелінген жаңа жылдық шыршаларды заңды негізде алу мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар Қазақстанда бұтақтардан құралған және контейнерлерде өсірілген шыршаларды сатуға тыйым салынбаған.

Астана қаласы әкімдігінің бастамасы бойынша биылғы жылы елордада қалалық жаңа жылдық жаппай мәдени іс-шараларды өткізу кезінде жасанды жаңа жыл шыршаларын пайдалану жоспарланып отыр.

Жаңа жыл қарсаңында жас шыршаларды заңсыз кесу, дайындау, әкету және сатуларды анықтау мақсатында "Шырша" жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіледі, ол үшін республикада негізгі жолдар мен орманға кіреберістердегі 377 бекетте табиғат қорғау полициясы қызметкерлерімен бірлесе отырып мемлекеттік инспекторлар мен орман күзетшілерінен тұратын 600 рейдтік топ ұйымдастырылды.

Қазіргі кезде жас шыршаларды заңсыз кескені үшін жауапкершілік шаралары күшейтілді, оның ішінде 1 дана жас шыршаны жойғаны немесе оған зиян келтіргені үшін зиянды өтеу көлемі 15,0 АЕК (17520 теңге) қаралған. Жас шыршаларды заңсыз кескен құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынады және орман шаруашылығына келтірген зиянды өтеуге талап-арыз жасалады, құқық бұзушы 7 дана шырша кескен жағдайда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Өткен жылдарда, жаңа жылдық шыршаларды заңсыз кескен құқық бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, мысалы 2007 жылы Павлодар облысы Шарбақты аудандық соты екі азаматты тиісінше 1 жыл 6 ай және 2 жылға бас бостандықтарынан айырды, олар мерзімдерін жалпы режимдегі колонияда өтейді және мүліктері тәркіленді, сонымен қатар тағы бір азамат шартты түрде 2 жылға сотталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны