22.07.2013, 11:45 3056

Қазақстанда Егіс күні аясында бірқатар жаңа аграрлық технологиялар таныстырылады

Республикада бірінші "Қазақстандық мамандандырылған "Жаңа дала - 2013" егіс алқабы күні" аясында шетелдік жүргізушілердің қатысуымен ауылшаруашылық техникасының бірегей шоуы өтетін болады, деп хабарлады "ҚазАгро" АҚ баспасөз қызметі.

Астана. 22-шілде. Kazakhstan Today - Қазақстанда Егіс күні аясында бірқатар жаңа аграрлық технологиялар таныстырылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Республикада бірінші "Қазақстандық мамандандырылған "Жаңа дала - 2013" егіс алқабы күні" аясында шетелдік жүргізушілердің қатысуымен ауылшаруашылық техникасының бірегей шоуы өтетін болады, деп хабарлады "ҚазАгро" АҚ баспасөз қызметі.

"Алдағы Қазақстандық "Жаңа дала - 2013" егіс алқабы күні барысында ауылшаруашылық дақылдарын өсірудың тың технологиялары да сарапқа салынады. Мәселен, А.И.Бараев атындағы өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының тәжірибелік танаптарында дақылдарды жоғары жылдамдықпен әрі өте дәл егудің технологиясы көрсетіледі. Технологияның ерекшелігі айтарлықтай, себебі тез әрі сапалы егіс жұмыстары болашақ мол өнімге кепіл болады", - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар, "Жаңа дала - 2013" аясында тағы бір бірегей технология таныстырылады. Ол - бүріккішке орнатылатын арнайы инновациялық жүйе. Жүйе құрамындағы құрылғы арамшөптерді басқа өсімдіктерден ажыратып, гербицид тек қана арамшөпке шашылады. Мұның арқасында гербицидтер 80%-ға дейін үнемделеді. Оның үстіне бүрку жұмыстары жоғары жылдамдықпен жүзеге асырылғандықтан, химиялық өңдеудің тиімділігі тағы артады.

Тағы бір айта кететіні - алдағы Егіс алқабы күні аясында нанотехнологиялар негізінде жасалған тиімділігі жоғары жаңа өсімдік қорғау препараттары мен дақылдардың өнімділігін арттыруға бағытталған органикалық микротыңайтқыштар таныстырылады.

Сонымен қатар Егіс алқабы күнінде күн радиациясынан электр қуатын өндіруге арналған фотоэлектр жүйелері көрсетіледі. Бұл жүйелер қоршаған ортаға мүлдем зиян келтірмейді. Жайлауда, егіс және ору науқаны кезінде, малды суаруды ұйымдастыруда және омарташылық кәсібінде таптырмайтын құрал.

Сондай-ақ іс-шара барысында дәнді дақылдардың, көкөністердің және көп жылдық шөптердің тұқымдарын биологиялық құндылығына сәйкес бөлетін құрылғының қызығушылыққа ие болары сөзсіз. Машинаның құндылығы зиянкестер зақымдаған тұқымдарды сапалы тұқымдардан ажырататындығында болып отыр. Бұл құрылғының арқасында өнгіштігі 99,5%-ды құрайтын өте сапалы тұқымдарды бөліп алуға болады.

Егіс алқабы күніне қатысушылар тағы бір технологиямен таныса алады: бұл пішендемені арнайы пленкаға орауға арналған желі. Танап басында шөп шабылып, оның қалайша орамаға қапталатыны көрсетіледі. Технологияның пайдасы пленкаға қапталған мал азығының құрамындағы пайдалы заттарды ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік жасауында, шөптің бүлінуінің алдын алуында.

Осы сияқты көптеген озық технологиялар Қазақстандық "Жаңа дала - 2013" егіс алқабы күні аясында көрсетіледі. Іс-шара 2013 жылдың 25-27 шілде аралығында өтеді. Шараны ұйымдастырушы - "ҚазАгро" ұлттық холдингісінің еншілес компаниясы "Қазагромаркетинг" АҚ.

Егіс алқабы күні Ақмола облысы Научный кентінде А.И.Бараев атындағы өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының демонстрациялық танаптарында өткізіледі. Іс-шараға 40-тан астам компания қатысады. Көрме бағдарламасында: техникадағы арнайы шоу, дақылдардың түрлі сұрыптары мен өсімдік қорғау өнімдерінің, тыңайтқыштардың тиімділігін анықтау.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны