02.03.2007, 15:18 3202

Қазақстанда электр қуатын өндіру ең бір ашық емес салалардың бірі - Дариға Назарбаева

АЛМАТЫ. 2-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстанда электр қуатын өндіру ең бір ашық емес салалардың бірі. "Аймақ" депутаттық тобының жетекшісі Дариға Назарбаева "Караван" апталығында жарияланған өз мақаласында осындай пікір білдірді. "Баға қарқынды өсіп келеді. Тек Алматыда жаңа жылдан бері баға екі мәрте біршама қымбаттатылды. Алайда энергетиктерден ешкім де осындай қадамдардың орындылығын түсіндіре алмай отыр",- дейді мақала авторы.

АЛМАТЫ. 2-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстанда электр қуатын өндіру ең бір ашық емес салалардың бірі. "Аймақ" депутаттық тобының жетекшісі Дариға Назарбаева "Караван" апталығында жарияланған өз мақаласында осындай пікір білдірді.

"Баға қарқынды өсіп келеді. Тек Алматыда жаңа жылдан бері баға екі мәрте біршама қымбаттатылды. Алайда энергетиктерден ешкім де осындай қадамдардың орындылығын түсіндіре алмай отыр",- дейді мақала авторы.

Депутаттың пікірінше, "кейбір сарапшылар атап отырған сандар алаңдаушылық туғызады. Олардың айтуынша, қазір қалалардағы электр қуатын өндіретін станциялар 60-80 процентке тозығы жеткен". "Ал ауылдағы жағдай тіптен мүшкіл. Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мәліметтеріне сенсек, 2006-жылдың басындағы жағдаймен 226 елдімекенге электр берілмеген, кәсіпорындардың балансындағы әуе электр желілерінің 20 проценті ескірген, оларды пайдалану өмірге қатер төндіреді",- дейді Д.Назарбаева.

"Ең бір қызықтысы, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар саладағы нақты ахуалды ешкім білмейді. Энергетикалық нысандарға көптен бері техникалық аудит мүлдем жүргізілмеген",- деп мәлімдеді ол.

Сонымен бірге мақала авторының айтуынша, "осынау маңызды проблеманы шешуден үкімет қашқақтап отыр деуге болмайды". "Үкіметтің 1999-жылғы 9-сәуірдегі №384 қаулысымен 2030-жылға дейін электр энергетикасы саласын дамыту туралы бағдарлама бекітілген. Қазір осы бағдарламаны жүзеге асырудың екінші кезеңі жүргізіліп жатыр. Бірақ бағдарламаға түзетулер енгізу қажет екені қазір-ақ айқын",- дейді Д.Назарбаева.

Өз мақаласында Д.Назарбаева "Аймақ" депутаттық тобының жұмыс тобын құруға шешім қабылдағанын атап өткен. Ол мамандардың нұсқауларының негізінде заңнамаға енгізілетін өзгерістер туралы ұсыныстар дайындамақ.

Д.Назарбаеваның пікірінше, ел болжамдағыдан қарқындырақ дамып келеді. "Осы өсім қарқынын алдағы уақытта да сақтап қалу үшін еліміздегі өнеркәсіп саласына ауадай қажет салада тәртіп орнату жайын ойластырған абзал",- дейді ол.

"Экономиканың өсім қарқыны мен тиісінше электр қуатын тұтыну көлемі бағдарламада белгіленген деңгейден жоғары. Атап айтсақ, бағдарламада 2010-жылы электр қуатын тұтыну мөлшерін 60,5 млрд кВт/сағаттан 70,2 млрд. кВт/сағатқа жеткізу қарастырылған. Ал электр қуатын тұтынудың нақты көлемі 2006-жылдың өзінде 72 млрд. кВт/сағатқа жеткен",- дейді депутат.

"Ішкі жалпы өнім жыл сайын 8-10%-ке өскен жағдайда электр тұтынудың жылдық орташа өсімі 5-6%-ті құрайды (2006-жылы 5,3% болған). Сөйтіп, 2008-2009-жылдары елімізде электр қуатын тұтыну көлемі 80 млрд кВт/сағаттан асады",- деді Д.Назарбаева.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны