23.01.2012, 09:42 9076

Қазақстанда электронды білім беру әдісі кеңінен қолданылуда

Қазақстанда электронды оқытуды білім беру жүйесіндегі негізгі бағыт ретінде таңдаумен ақпараттандырудың жаңа сатысы басталды. 2011 жылы Қазақстанның 44 мектебінде е-learning әдісі енгізілді. 2020 жылы 90-нан астам білім беру ошағы оқытудың электронды үлгісіне өтеді деп жоспарлануда.

Астана. 23-қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанда электронды білім беру әдісі кеңінен қолданылуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, Қазақстанда электронды оқытуды білім беру жүйесіндегі негізгі бағыт ретінде таңдаумен ақпараттандырудың жаңа сатысы басталды. 2011 жылы Қазақстанның 44 мектебінде е-learning әдісі енгізілді. 2020 жылы 90-нан астам білім беру ошағы оқытудың электронды үлгісіне өтеді деп жоспарлануда.

"2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды білім беру әдісін пайдаланатын болады, ал 2020 жылға қарай олардың саны 90 пайызға дейін жетеді", - деп мәлім еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Үкімет 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасының аясында Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асырып отыр.

"Орта білім беруде электронды білім беретін мектептердің санын 90 пайызға жеткізу, білім берудің 12 жылдық үлгісіне өту, Қазақстанның барлық өңірінде Зияткерлік мектептер санын арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр", - деп мәлім етті Премьер-Министр Кәрім Мәсімов "Нұр Отан" ХДП Парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында.

Илемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, е-learning жүйесі білім беруді жаңғыртуға арналған негізгі құралдардың бірі болып табылады. Оңтүстік Корея, Финляндия мен Ирландияда электронды білім беру жөнінде арнайы ұлттық бағдарламалар жүзеге асырылады. Францияда балабақшадан бастап үлкендерді оқытуға дейін білім беру үрдісінің барлық саласына ақпараттық-коммуникациялық технология енгізілген. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Канада елдерінде электронды білім беру күнделікті өмірдегі тәжірибе сияқты көрініс тапқан.

Қазақстандағы білім берудің ақпараттық жүйесі алға қарай қарқын алуда. Қазіргі таңда Қазақстан мектептерінде 16 балаға 1 компьютерден келеді. Мектептердің 98 пайызы, ал ауыл мектептерінің 97 пайызы Ғаламтор желісіне қосылған. Білім беру ошақтарының 43,1 пайызына кең жолақты Ғаламтор тартылған. Ал 459 мектеп лингафонды және мультимедиялық кабинеттермен жабдықталған.

2011-2012 оқу жылдары 44 орта білім беру ұйымында электронды білім беру жүйесінің ілкі жобасы іске қосылды. Осы мектептердегі электронды білім беруге келесі ақпараттық-технологиялық инфрақұрылымдар жатады: сымсыз Wi-Fi желісін күшейту, заманауи дербес компьютерлер, ноутбуктер, моноблоктар, интерактивті және мультимедиялық проекторлар, көп функционалды құрылғылар, планшеттер.

Бұрын хабарланғандай, e-learning жүйесінде алға ілгерлеу үшін "Қазақстан тарихы" пәні бойынша 5-11 сынып оқушыларына арналған қазақ және орыс тілдерінде 468 сандық білім беру ресурсы, соның ішінде қазақ тілінде 234, орыс тілінде 234 ресурс әзірленген. Бұл мақсаттар үшін 203,1 млн. теңге бөлінген.

Электронды білім беру жүйесін пайдаланушы тағы 8 мыңнан астам адам республикалық білім беру жүйесіндегі бақарушы кадрлардың біліктілігін арттыру институты мен облыстық біліктілікті арттыру институттарының базасында арнайы курстардан өтті.

E-learning жүйесі бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінің білім беру жүйесіне үлкен қарқынмен енгізіліп жатқан алдыңғы қатарлы үлгілердің бірі болып табылады. Электронды білім беру бойынша жүзеге асырылатын ауқымды жоба Қазақстанның білім беру жүйесін ақпараттандырудағы серпіліс болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны