06.09.2006, 16:16 3626

Қазақстанда еліміздің балалар құқығы жөніндегі конвенцияға бағынуына қатысты балама баяндама дайындалуда

АЛМАТЫ. 5-қыркүйек. Kazakhstan Today. "Балалар құқығын қорғау жөніндегі" бейресми ұйымдардан құрылған жұмыс тобы Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі конвенцияға бағынуына қатысты балама баяндама дайындауда. Бұл туралы бүгін БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетінің төрағасы Якоб Эгберт Доэктің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Р.Ақылбекованың айтуынша, балама есеп 2007-жылдың қаңтар айында таныстырылды, ал ресми мемлекеттік баяндама келесі жылдың мамыр айында тыңдалады.

Ал БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетінің төрағасының айтуынша, Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі конвенцияға бағынуына қатысты бірінші ресми баяндаманы үкімет 2003-жылы таныстырған. "Баяндамамен танысқаннан кейін біз үкіметке кейбір нұсқаулар бердік. Сол себепті біз осы мерзімде нендей жұмыстар тындырылғанын білгіміз келеді",- деді Я.Доэк. Ол "екінші есеп дер кезінде табысталады" дегенге сенім білдірді.

Комитет төрағасының пікірінше, Қазақстанда балалар құқығын қорғау саласында "бірқатар проблемалар бар және оны республика үкіметі біледі. Бұл - арнаулы балалар мекемелерінде тәрбиеленетін балалар, мүгедек балалар, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, босқын балалар мәселесі".

"Қазақстанда түрлі бағытта көп нәрсе тындырылуда. Бірақ меніңше, балалар құқығын қорғауға бағытталған біріздендірілген жиынтық іс-шаралар жоспары, осы саладағы ортақ саясат болуға тиіс және оны жүзеге асыру қажет",- деді Я.Доэк. Оның пікірінше, бұл саясатты жүзеге асыру үшін үкімет бейресми ұйымдарды кеңінен жұмысқа жегуге тиіс.

Сондай-ақ, БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитеті төрағасының пікірінше, осы саладағы іс-қызметті үйлестіретін біртұтас мемлекеттік мекеме болуы қажет. "Көптеген елдерде балалар құқығы жөніндегі уәкіл немесе омбудсмендер атты құрылымдар жұмыс істейді. Олар балалар құқығының қорғалуына бағытталған іс-қызметті үйлестіріп, мониторинг жүргізетін тәуелсіз құрылымдар",- деді ол.

"Балалар құқығын қорғау жөніндегі" бейресми ұйымдардан құрылған жұмыс тобы балалар құқығы мен мүддесін қорғау саласындағы түрлі бағыттарда жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы. Жұмыс тобы Қазақстанда балалар құқығының қорғалу жайына бес жылдан бері мониторинг жүргізіп келеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны