20.04.2015, 20:35 7682

Қазақстанда Еуропалық иммундау апталығы басталды

Бүгін Қазақстанда Х Еуропалық иммундау апталығы (ЕИА) басталды. Иммундауға тұрғындардыӊ назарын аудару және оныӊ маӊыздылығы туралы хабардарлығын арттыру жолымен екпемен қамту деӊгейін арттыруды көздейтін шара республика бойынша ағымдағы жылғы сәуірдіӊ 20-25-сі аралығында өткізіледі, деп хабарланған ҚР ДСИДМ сайтында

Астана. 20 сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін Қазақстанда Х Еуропалық иммундау апталығы (ЕИА) басталды. Иммундауға тұрғындардыӊ назарын аудару және оныӊ маӊыздылығы туралы хабардарлығын арттыру жолымен екпемен қамту деӊгейін арттыруды көздейтін шара республика бойынша ағымдағы жылғы сәуірдіӊ 20-25-сі аралығында өткізіледі, деп хабарланған ҚР ДСИДМ сайтында, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Биыл Қазақстандағы Еуропалық иммундау апталығы "Алдын алу, қорғау, егу" ұранымен өткізіледі. ЕИА аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында мамандар кеӊес беретін ашық есік күндері өткізіліп, халық көп жиналатын жерлерде медициналық қалашықтар ұйымдастырылып, тақырыптық бейне және аудио роликтер көрсетіледі. Перзентханаларда, перинаталдық орталықтарда, ауруханалардыӊ балалар бөлімдерінде және емханаларда ақпараттық-білім беру материалдары таратылып, иммунопрофилактиканыӊ пайдасы туралы дәрістер оқылады, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.

Иммундау - денсаулық сақтаудыӊ еӊ табысты және тиімді әдістерініӊ бірі. Ол адамныӊ және жалпы халықтыӊ денсаулығын сақтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымыныӊ (ДДҰ) мәліметінше, әлемде жыл сайын 1,5 млрд. адамға (жер бетіндегі жалпы халықтыӊ 1\3 бөлігі) екпе жасалады. Көкжөтел, полиомиелит, сіреспе, дифтерия, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротит сияқты ауруларға қарсы жоспарлы иммундау шаралары жыл сайын әлемде 3 млн. адамныӊ өмірі мен денсаулығын сақтап, 750 мыӊ баланы мүгедектіктен қорғайды.

Қазақстанда жыл сайын 5 млн. адамға, оныӊ ішінде 1,3 млн. балаға инфекциялық ауруларға қарсы екпе жасалады. Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат аурудыӊ алдын алуға, ал елге сырттан әкелінген жағдайда оны таратпауға және жоюға бағытталған. Тұрғындарды вакцинациялау Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі. Екпе жасалатын инфекциялардыӊ атауы мен мерзімі ҚР Үкіметініӊ 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Профилактикалық екпелер жасалатын аурулар тізімін, оларды өткізу ережесін және жоспарлы екпе жасауға жататын тұрғындар тобын бекіту туралы" қаулысымен бекітілген.

ТМД елдері бойынша еӊ үздіктердіӊ бірі саналатын Қазақстанныӊ Ұлттық екпе күнтізбесі ДДҰ талаптарына сай келеді, сондай-ақ дамыған елдердіӊ (Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония) көпшілігініӊ иммундау кестесіне ұқсас. Айырмашылығы, Қазақстанда ол елдерге тән инфекцияларға (шешек, ротавирустық инфекция, жапон энцефалиті, безгек) қарсы вакциянациялау жүргізілмейді.

Республикада тұрғындарды иммундауға ҚР-да мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана пайдаланылады. Оған қоса, балаларды кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өндірісін ДДҰ сертификаттаған вакциналарды ғана сатып алады. 2013 жылдан бастап Қазақстанға әкелінетін вакцинаныӊ әрбір партиясы үшін олардыӊ қауіпсіздігі мен сапасын міндетті түрде сертификаттау талабы енгізілді.

Қазақстанда тұрғындарды жоспарлы иммундау шарасын өткізу вакцинамен басқаруға болатын көптеген ауруларды азайтуға мүмкіндік берді. Айталық, қызылшамен ауыру 10 есеге; қызамықпен ауыру - 68 еседен аса; эпидемиялық паротит - 110 еседен астам; "В" вирустық гепатиті тұрғындар арасында 30,6 еседен астам, ал аталған инфекцияға қарсы егілетін балалар арасында 200 есеге азайды (вакцинация 1998 жылдан енгізілді).

Қазақстан 2002 жылдан полиомиелиттен азат аумақ ретінде сертификатталды. Соӊғы алты жыл ішінде дифтериямен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ.

Еске сала кетейік, иммундау апталығы ДДҰ Еуропалық өӊірлік бюросыныӊ бастамасымен соӊғы он жыл ішінде (2005 жылдан) сәуір айыныӊ соӊында өткізіліп келеді. Жыл сайын ДДҰ Еуропалық өӊірлік бюросына мүше 53 мемлекет ЕИА-на қатысады. Соӊғы жылдары бұл бастамаға өзге құрлықтарда орналасқан елдер де қосылуда.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны