21.10.2011, 13:18 16918

Қазақстанда Ғаламтор арқылы сотқа талап арыз беруге болады

Бүгінде "электрондық үкімет" порталы арқылы салық түрлері мен айыппұлдарды төлеп, анықтамалар алып, некеге тұруға өтініш беруге болады. Сондай-ақ, онлайн тәртібінде сотқа талап арыз беретін де мүмкіндік туған.

Астана. 21-қазан. Kazakhstan Today - Қазақстанда Ғаламтор арқылы сотқа талап арыз беруге болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлауынша, бүгінде "электрондық үкімет"порталы арқылы салық түрлері мен айыппұлдарды төлеп, анықтамалар алып, некеге тұруға өтініш беруге болады. Сондай-ақ, онлайн тәртібінде сотқа талап арыз бере аласыз.

Талап арызды электронды нұсқада беру мүмкіндігі ҚР Азаматтық процессуалдық кодексі және "Ақпараттандыру туралы" ҚР Заңымен бекітілген. Электрондық цифрлық қолтаңбасы бар және электрондық үкімет порталында тіркелген Қазақстан Республикасының барлық резиденттері порталдың көмегімен талап арыз бере алады. Ол үшін ҚР Жоғары сотының "Электрондық қызметтер" бөліміне кіріп, арнайы үлгіні толтыруы қажет. Жауапкердің тіркелген немесе тұрғылықты мекен-жайы бойынша аудандық сотты таңдап, арыз мазмұнын, істің дәрежесін және ҚР Салық кодексінің 535 бабына сәйкес бекітілген мемлекеттік баж салығының көлемін көрсету керек. Талап арыз беру үдерісі барысында қолданушы Салық кодексіне сәйкес мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған істер мен талап арыз берушілердің дәрежесімен таныса алады. Үлгіні толтырған соң талапкер талап арызға өзінің ЭЦҚ-сын қояды. Бұдан соң талап арыз сотқа жіберіледі.

Электрондық нұсқада берілген талап арызды сот тіркеген соң бес жұмыс күні ішінде қарап, талапкердің "жеке кабинетіне" арыздың қабылданғаны немесе кейін қайтарылғаны туралы хабарлама жібереді. Арыз кейін қайтарылған жағдайда, оның нақты себептері көрсетіледі. Ал, талап арыз қабылданған жағдайда, талапкер тіркелген азаматтық істің нөмірін алады. Сот қарауына алынған талап арыздың бұдан кейінгі дәрежесі туралы ҚР сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-сараптамалық жүйесінен білуге болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны