13.01.2012, 15:52 5502

Қазақстанда ғылыми зерттеулерді қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді

Қазақстан ғылыми дамудың жаңа сатысына бет алды. Бүгінгі таңда республикада ғылыми саланы басқару, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы басқару салаларында реформалар атқарылды. 2012 жылы ғылыми жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға 42 млрд. теңге бөлінеді, ал болашақта қаржыландыру мөлшері ЖІӨ деңгейінен 1 пайыздық көрсеткішке жеткізіледі.

Астана. 13-қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанда ғылыми зерттеулерді қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, Қазақстан ғылыми дамудың жаңа сатысына бет алды. Бүгінгі таңда республикада ғылыми саланы басқару, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы басқару салаларында реформалар атқарылды. 2012 жылы ғылыми жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға 42 млрд. теңге бөлінеді, ал болашақта қаржыландыру мөлшері ЖІӨ деңгейінен 1 пайыздық көрсеткішке жеткізіледі.

"Біз теңдесі жоқ ғылыми-технологиялық база құрдық. Біз бүкіл Қазақстан бойынша орталықтандырылған зертханалар аштық", - деп мәлім етті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында.

Қазақстан Республикасының "Ғылым туралы" жаңа Заңына сәйкес, қазіргі таңда мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасаудың жаңа жүйесі жұмыс істейді. Мысалы, ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша шешім қабылдайтын Ұлттық ғылыми кеңестер мен Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар, сараптаманы отандық және шетелдік ғалымдар жүргізетін болады.

"Біз ғылымды дамытудың жаңа үлгісін енгізудеміз. 2011 жылы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 2007 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. 5 ұлттық ғылыми зертхана мен жоғары оқу орындары жанынан инженерлік салада 15 зертхана ашылды", - деп мәлім етті Премьер-Министр Кәрім Мәсімов "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының парламенттік фракциясы отырысында сөз ала отырып.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2011 жылы ғылымды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,7 млрд. теңге бөлінген. 2012 жылы 42 млрд. теңгеге жуық қаражат салынады. 2014 жылға қарай орташа есеппен алғанда ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығын мөлшері ЖІӨ-нің 1 пайыз құрайтын болады деп күтілуде.

2011 жылы ҚР Үкіметі жанындағы Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруды есепке ала отырып ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтады. Бұл энергетика, шикізат пен өнімді терең қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар, өмір мен елдің зияткерлік әл-ауқаты туралы ғылыми бағыттар болып табылады.

Қазіргі таңда республикада 17 мың адам жұмыс істейтін 424 ғылыми ұйым бар. Қазақстанның ғалымдары 6 бағыт бойынша негізгі зерттеулер мен 25 ғылыми-техникалық бағдарлама бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуде. Бұнымен қоса, 2011 жылдың қыркүйек айында Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия 9 министрлік пен 2 агенттік атынан бағдарламалық-мақсатты қаржыландырылуға 88 жобаны бекітті. Сонымен қатар, ғылыми ұйымдар мен елдегі жоғары оқу орындарынан ғылымның әртүрлі саласы бойынша 200-ге жуық инновациялық жоба ұсынылған.

Үлкен нәтижелерге қол жеткізген ғалымдар мемлекеттік сыйлықтарға ие болады. 2011 жылы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық биология және математика саласындағы 2 жұмысқа берілді. Қазіргі таңда республикамызда ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру үшін конкурс жүргізілуде. Ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары мен ғалымдар 2007 өтініш білдіріп үлгерген.

Сонымен қатар шет мемлекеттермен де халықаралық ғылыми ынтымақтастық ойдағыдай дамып келе жатқанын айта кету керек. Қазіргі таңда 30 елмен келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ ғылыми-технологиялық ақпарат саласындағы озық компаниялар "Thomsom Reuters" (АҚШ) және "Springer" (Германия) компанияларымен Ұлттық лицензиялауға қол қойылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған "Ғылым туралы" жаңа Заң жаңа ұлттық ғылыми жүйе құруды мақсат тұтады. Заңда бекітілген ережелер отандық ғылымның ашықтығын, дәлдігі мен нәтижелілігін қамтамасыз етуге, әкімшілік және ғылыми қызметтерді бөліп, ажыратуға, ғалымдардың мәртебесін арттыруға бағытталған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны