02.07.2012, 15:51 3484

Қазақстанда ғылыми-білім беру кластері құрылатын болады

"Самұрық-Қазына" АҚ мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен "Білім мен бизнес - ел игілігі үшін бірлікте" атты республикалық конференциясы өтті.

Астана. 2-шілде. Kazakhstan Today - Қазақстанда ғылыми-білім беру кластері құрылатын болады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Самұрық-Қазына" АҚ мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен "Білім мен бизнес - ел игілігі үшін бірлікте" атты республикалық конференциясы өтті.

Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Бишімбаев, "Қазақстан темір жолы" АҚ, "Қазмұнайгаз" ҰК" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ басшылары, салалық министрліктер мен мекемелердің, өңірлік, салалық кеңестердің өкілдері, облыс әкімдері, бизнес қауымдастықтың, кәсіби ассоциациялардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

"Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Бишімбаев құттықтау сөзінде "Конференцияның мақсаты - оқу орындары мен кәсіпорындардың арасында қарым-қатынас тетіктерін, Қазақстандағы дуальді оқыту жүйесінің даму тетіктерін нақты айқындау" деп атап өтті.

Өз сөзінде Қуандық Бишімбаев Қордың 3 деңгейлі жүйеден тұратын ғылыми-білім беру кластерін жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Олар: ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік, конструкторлық ізденістер, басқарушы кадрларды даярлау ісі және техникалық университет пен бизнес-мектептер, сондай-ақ кәсіби колледждерде жұмысшы кадрларды даярлау.

Жиын барысында конференцияға қатысушылар отандық компаниялар мен оқу орындарында дуальді білім беру тәжірибесін енгізуді талқылады. Сонымен қатар, базалық өндірістік кәсіпорындардың тізімі, преференцияны енгізу, кәсіпорындар үшін жеңілдіктер, техникалық-салалық кадрларды оқыту мәселелері сөз болды.

Конференция аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен "Самұрық-Қазына" АҚ арасында Кадрларды даярлау, қайтара даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Меморандумға сәйкес "Самұрық-Қазына" АҚ даму институттары мен ұлттық компанияларды кәсіби стандарттарды жасап, жүзеге асыру ісіне тартады, мамандардың кәсіби қызметі мен сертификациясын бағалау жүйесін енгізеді.

Сонымен қоса, Қордың компаниялар тобы жоғары оқу орнын бітірушілердің кәсіби тәжірибе алу мен жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасайтын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны