19.12.2008, 17:05 3950

Қазақстанда қазақ, орыс және басқа тілдерде сапалы оқулық пен ғылыми әдебиеттерді басып шығаруға қажеттілік бар

Қазақстанда қазақ, орыс және басқа тілдерде сапалы оқулық пен ғылыми әдебиеттерді басып шығаруға қажеттілік бар

Астана. 19 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда қазақ, орыс және басқа тілдерде сапалы оқулық пен ғылыми әдебиеттерді басып шығаруға қажеттілік бар. Бұл туралы бүгін мәжілісте "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы өткізген "Қазақстандағы этномәдени білім беру" деген тақырыптағы дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкері Майра Санатова мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Дөңгелек үстелге Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары С.Дьяченко, елдегі Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы өкілдері, Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мәжіліс депутаттары, білім мекемелерінің жетекшілері қатысты.

Дөңгелек үстелді бастаған "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов кіріспе сөзінде "Біздің бүгінгі басқосуымыз мемлекетіміздің ең басты мейрамы -Тәуелсіздік күнінен кейін болып отыр. Сол мейраммен сіздерді тағы да құттықтаймын. Бұл мереке барлық мемлекеттерде тойланады. Тәуелсіз даму жолына түскен әрбір ұлт алдымен сананың бостандығынан қабылдайды, сананың тәуелсіздігін орнатады. Содан кейін ғана тәуелсіздік идеясы материалдық сипат алады. Қазақ ұлты үшін де Тәуелсіздік ғасырлар бойы армандаған мәртебе. Бүгінгі мемлекеттік саясаттың көздеген нысанасы да қолымыздағы тәуелсіздікті нығайту. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық саясатқа және сыртқы саясатқа өте мұқият көңіл бөлуінің себебін осы тұстан іздеуіміз қажет.Ұлттық саясаттағы мемлекет басшысының әрбір шешімі мың рет өлшеніп барып қабылданатынын да түсінетін уақыт жеткен сияқты. Біздің көтеріп отырған этномәдени білім беру жүйесін қалыптастыруға қатысты мәселелер де елдің болашағы үшін, елімізде тұрып жатқан әрбір этнос өкілінің өзін толыққанды Қазақстан азаматымын деп сезінуі үшін өте маңызды",-деп атап өтті.

Дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігінің жауапты қызметкері Майра Санатова "Республикадағы білім беру жүйесіндегі этномәдени білімнің жай-күйі туралы", Тарих және мемлекет институтының директорының орынбасары Жамал Артықбаев "Этномәдени білім беру проблемасына этнологиялық талдау", Қыздар педогогикалық университетінің ғылым және халқаралық байланыс жөніндегі проректоры Клара Қожахметова "Полимәдени білім беру - оқушылардың азаматтық сәйкестігін қалыптастырудың негізі", мәжіліс депутаты Олег Дымов "Этномәдени білім беру саласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі", тағы да басқа тақырыптарда мазмұнды баяндамалар тыңдалып, пікірсайыс өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны