09.06.2008, 10:10 1999

Қазақстанда мемлекеттік сейсмикалық қызмет болуы керек - газет

Қазақстанда мемлекеттік сейсмикалық қызмет болуы керек - газет

Алматы. 9 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда мемлекеттік сейсмикалық қызмет болуы керек. Бұл туралы "Караван" апталығына берген сұхбатында "Қазақселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің "Болжам" ғылыми-өндірістік кешенінің бұрынғы директоры Мұхтар Хайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қазақстанда мемлекеттік өрт сөндіру, шекара және санитарлық қызметтер секілді сейсмикалық қызмет болуы тиіс. Ол автоматтандырылған геофизикалық сейсмологиялық болжам желісіне арқа сүйеуі тиіс. Сейсмология ұйымдарының жұмыс істемейтіндігі және әртүрлі ведомстволарда екендігіне байланысты Қазақстанда бас санитарлық дәрігер сияқты сейсмикалық қауіпсіздіктің бас қадағалаушысын енгізу қажет шығар", - деді М. Хайдаров.

Оның айтуынша, ол адамда бақылау, қадағалау құқықтары болуы тиіс. "Бұл жердегі мәселе ұлттық қауіпсіздік пен жүздеген мың адамдардың өмірі жайында", - деп отыр сейсмолог.

Оның айтуынша, егер Қазақстанда бар мәліметтердің барлығы қысқа мерзімді болжам жасау әдістемесіне ие зертханаларға берілер болса, болжам жасау дәлдігі, сөз жоқ, ұлғаяды. "Өкінішке орай, мекемелік кедергілерге байланысты біз, мысалы, Сейсмология институтынан толық мәлімет ала алмай отырмыз. Біз олар үшін қауіпті бәсекелес болып отырмыз. Егер оның жасайтын болжамын басқалар да жасайтын болса, ондай институттың қажеттілігі қанша?", - деп есептейді М. Хайдаров.

Алматының жойқын жер сілкінісіне дайындығы жайында қойылған сауалға ол қаланың осалдығы үнемі өсіп келе жатқанын айтты. "Өрт сөндіру, төтенше жағдайлар, жедел жәрдем қызметтерінің қызметкерлері барлық жолдарға көлік қойылуына немесе дуалдар қойылуына байланысты оқиға орнына жете алмайтындықтарын айтып шағымданып жатады. Бұл проблема үнемі талқыланады. Алайда, шешіліп жатқан жоқ", - деп есептейді сейсмолог.

Оның айтуынша, Алматының көптеген мектептері мен балабақшаларының ғимараттарына сейсмикалық күшейту жүргізу қажет. Мысал ретінде ол Пакистан, Армения, Қытайда болған жер сілкіністерін келтірді. "Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғимараттар өзінің құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты (үлкен залдар, дәліздер) қағаздан салынған үйлердей жаншылады. Алматыда 300-ден астам мектеп пен балабақша бар. Олардың көпшілігі апатты ғимараттарда орналасқан.

"Жойқын жер сілкінісі бола қалған жағдайда Алматыда үйіндінің астында қалған 500 мыңға дейін адам қайтыс болады деген мамандар қатты қателеседі деп ойламаймын. Илемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жойқын жер сілкінісі болғанда үйінділердің астынан халықтың 5-7 пайызын ғана құтқарушылар құтқарады екен. Бұл тағы ең жоғарғы көлеммен есептегенде. Қалғандары өздері шығады немесе көз жұмады. Осылайша, Алматы жер сілкінісінің болуы мүмкін жойқын салдарына дайын емес. Барлық күнделікті мәселелер тек қағаз жүзінде ғана шешілуде", - деп жауап берді маман.

Оның айтуынша, үкіметтің 2006 жылдың 2 наурызындағы жарлығы еш орындалып отырған жоқ. Онда республикада сейсмостанциялар саны өсуі керек, сейсмологтар қысқа мерзімді болжаммен айналысуы керек деп көрсетілген.

"Караван" апталығының қонағы Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы жер сілкінісін болжау жөніндегі ведомствоаралық комиссия кезінде әр апта сайын жиналып отырғанына қарамастан жиналмағалы 4 жыл өткенін айтты.

М. Хайдаров жер сілкінісі туралы болжам жасау өкілеттігіне ие жалғыз ұйым Сейсмология институты болып отырған тәжірибені дұрыс емес деп есептейді. "Монополизм - кез-келген саланың ажалы! "Болжам" ғылыми-өндірістік кешенінің барлық қысқа мерзімдік болжамдарын Сейсмология институты жоққа шығарып келеді. Олар ұзақ мерзімдік болжам жасайды. Оны мен мәнсіз әрі ақылға қонымсыз деп есептеймін. Мәселе бұл жерде ондаған жылдар жайында және болжам жасалатын жерлер санының көптігі - мұның бәрі маңдайына жеңілу жазылмаған лотерея ойнағанмен бірдей. Адамдарды қызықтыратыны "Алматыны қашан және қандай күшпен сілкілеуі мүмкін" деген сауал. Ал нақты уақытты ешкім атамайды", - деді сейсмолог.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны