04.06.2007, 14:06 3053

Қазақстанда оралмандарды квотаға енгізу ережелерінің жобасы жасалуда

АСТАНА. 4-маусым. Kazakhstan Today. Қазақстанда оралмандарды квотаға енгізу ережелерінің жобасы жасалуда. Бұл туралы бүгін сенат депутаттарымен кездесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Ибдиев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

""Көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылдана сала, оралмандарды квотаға енгізудің критерийлеріне сәйкес жаңа ережелер бекітіледі.

"Илбетте, оралманның білімі, игерген мамандығына сәйкес біліктілігі мен ол мамандықтың еліміздегі белгілі бір өңірдегі сұранысқа ие немесе ие еместігіне қатысты мәселелер иммиграциялық квотаға қамту барысында міндетті түрде ескеріледі", - деді ол.

""Көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қазір парламент сенатының қарауында жатыр. Бұған дейін оны мәжіліс мақұлдаған.

Сенаторлардың алдында сөз сөйлеген Ж. Ибдиев "квота мәселесінің ең күрделі мәселе" екенін атап өтті. "Квотаға енгізу-енгізбеу мәселесі біз үшін аса күрделі мәселелердің бірі екенін өкінішпен айта аламын", - деді ол.

Комитет басшысы көші-қон агенттігі жұмыс істеп тұрған кезде "квотаға енгізу және материалдық жеңілдіктер алу мәселесін аумақтық басқармалардың басшылары тікелей өз бетімен реттеп келгенін" жеткізді. Агенттік қайта құрылғаннан кейін квотаға қамту тәртіптері өзгертілді. Ж.Ибдиевтің айтуынша, бүгінгі таңда квотаға қамту мәселесі мүдделі мемлекеттік мекемелер мен бұқаралық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен алқалық сипатта шешіліп жатыр.

Көші-қон комитетінің мәліметтерінше, 1991- 2006 жылдар аралығында елімізге 565 757 адамы бар 143 343 оралман отбасы көшіп келді, соның ішінде басым бөлігі Өзбекстаннан (61,6%), Монғолиядан (14,3%), Түрікменстаннан (8,6%), Қытайдан (6,7%) келді. Олардың арасында еңбек жасындағы оралмандардың саны 303 411 адам (53,6%), мектеп жасына дейінгілер - 85 075 адам (15%), мектеп жасындағылар - 149 744 (26,5%), зейнеткерлер - 27 527 адам (4,9%). Келгендердің 9,9% жоғары білім игергендер, 1,3% - аяқталмаған жоғары білімі барлар, 20,3% -арнаулы орта білім алғандар, 65% - жалпы орта білімі барлар. Келгендердің 0,02% ғылым докторы атағы бар, 0,09% - ғылым кандидаттары.

Олармандардың кәсіби құрамына келсек : 0,5% - шығармашылық қызметкерлері, 5,1% - білім беру саласының қызметкерлері, 2,8% - медицина қызметкерлері, 0,3% - мемлекеттік қызметкерлер, 3,3% - кәсіпкерлер, 22,8% - ауылшаруашылығы мамандары, 64,1% - басқа мамандықтар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны