24.02.2016, 11:34 4406

Қазақстанда туберкулездіӊ алдын алуға арналған айлық басталды

Бүгін еліміздіӊ барлық өӊірлерінде Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күніне орай туберкулездіӊ алдын алу жөніндегі айлық басталды. Ол 2016 жылғы 24 ақпан мен 23 наурыз аралығында өтеді

Астана. 24 ақпан. Kazakhstan Today - Бүгін еліміздіӊ барлық өӊірлерінде Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күніне орай туберкулездіӊ алдын алу жөніндегі айлық басталды. Ол 2016 жылғы 24 ақпан мен 23 наурыз аралығында өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Айлық өткізудіӊ мақсаты - медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары дәрігерлерініӊ туберкулезді ерте анықтауға қатысты қырағылығын арттыру; профилактикалық шараларды күшейту; салауатты өмір салтын ұстануға және профилактикалық тексерістерді уақытында өтуге жағдай жасау; тұрғындардыӊ туберкулездіӊ алғашқы белгілері, уақытында емделудіӊ тиімділігі, темекіден, есірткіден, алкогольдік ішімдіктерден бас тарту, дұрыс тамақтану және физикалық белсендік, профилактикалық шаралар туралы хабардарлығын арттыру болып табылады.

Айлық аясында республика бойынша МСАК ұйымдарында фтизаиатрлар мен өзге де мамандарды шақырту арқылы ашық есік күндерін өткізу; медициналық қызметкерлер үшін туберкулездіӊ алдын алу және ерте диагностикалау жөнінде оқыту семинар-тренингтерін ұйымдастыру; денсаулық мектептерінде иммунитетті нығайту мен микроағзаларға деген тұрақтылықты арттыру мақсатында қауіптіӊ мінез-құлық факторларыныӊ алдын алу, физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтануды насихаттау жұмыстары жалғастырылатын болады.

Туберкулез - Кох бацилласыныӊ микробактериясы арқылы туындайтын инфекциялық ауру, ол көбіне өкпені (80%) және сирек өзге органдарды (20%) зақымдайды. Туберкулез адамнан адамға ауа-тамшы арқылы жұғатын және өлім-жітімге себеп болатын жұқпалы агенттерден туындайтын аурулардыӊ ішінде АИТВ/ЖИТС-тен кейінгі екінші орынды алады.

Өкпе туберкулезініӊ белсенді түрі жөтелмен, кейде қан аралас және қақырық түрінде, кеуде тұсыныӊ ауыру сезімі, әлсіздік, салмақ жоғалту, дене қызуыныӊ көтерілуі, түнде терлеу арқылы білінеді. Балалардағы туберкулезді анықтаудыӊ маӊызды тәсілі - Манту 2ТЕ туберкулиндік пробасын орнату болып табылады.

Дәрігерлерге уақытында қаралу туберкулезді емдеуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда жүргізілген жұмыстардыӊ нәтижесінде соӊғы жылдары туберкулезден болатын аурулар мен өлім-жітім көрсеткіші төмендеді.

ҚР ДСИДМ Туберкулез проблемаларыныӊ ұлттық орталығыныӊ алдын ала мәліметтерінше, 2015 жылдыӊ қорытындысы бойынша республикада туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 11,9%-ға төмендеді (100 мыӊ тұрғынға шаққанда 2014 жылғы 66,4-тен 58,5-ға дейін), ал өлім - 22,4%-ға (100 мыӊ тұрғынға шаққанда 2014 жылғы 4,9-дан 3,8-ге дейін).

Естеріӊізге сала кетейік, Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні жыл сайын 24 наурызда атап өтіледі.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны