15.06.2009, 15:33 2167

Қазақстанда жоғары оқу орындарының республикаға ең танымал оқытушыларының мәліметтер базасы жасалды - Түймебаев

Қазақстанда жоғары оқу орындарының республикаға ең танымал оқытушыларының мәліметтер базасы жасалды - Түймебаев

Астана. 15 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда жоғары оқу орындарының республикаға ең танымал оқытушыларының мәліметтер базасы жасалды. Бұл туралы бүгін академиялық рейтингтер саласындағы халықаралық сарапшылар тобының 4-ші конференциясын (IREG - 4) ашу барысында Қазақстанның білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Қазақстанның жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары мен ұстаздарының халықаралық деңгейде мойындалуы үшін еліміздегі ең танымал оқытушыларының мәліметтер базасы жасалды. Бұл ақпарат интернет желісі арқылы таратылып, әлемдік көптеген танымал жоғары оқу орындарыынң назарына елшіліктер арқылы мәлім етілді", - деді Ж. Туймебаев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда білім беру саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындар жыл санап өсіп келеді. "Мәселен, 2008 жылы білім беру саласына жұмсалған қаржы көлемі 2004 жылғымен салыстырғанда 2,8 есе өсті, олардың үлесі жалпы ішкі өнімде 3,7% құрады. 2009 жылы білім беру саласына шамамен $4,7 млрд жұмсалады", - деді министр.

ҚР БҒМ мәліметінше, бүгін "Халықаралық және ұлттық рейтингтер: ұқсастықтары мен айырмашылықтары" атты академиялық рейтингтер саласындағы халықаралық сарапшылар тобының 4-ші конференциясы (IREG - 4) жұмысын бастады. Конференцияны ұйымдастырушылар - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, IREG Академиялық рейтингтер және артықшылықтар бойынша Халықаралық Обсерваториясының атқарушы комитеті және UNESCO-CEPES.

Конференцияның басты мақсаты - халықаралық және ұлттық рейтингтерді өткізу әдістемесін және отандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингілеу жүйесіне ену жолдарын талқылау. Конференцияға қатысушы шетелдіктер үшін бұл іс-шара Қазақстан Республикасының жоғары білім жүйесімен танысуға, ондағы басты мақсаттар, жетістіктер және мүмкіндіктерді жете білуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев конференцияны ашып, кіріспе сөзінде әлемдік білім кеңістігіне ену және шетелдік әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнату Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының 60-қа тарта ректорлары мен проректорлары, сондай-ақ Бүкіләлемдік банктің өкілдерінен, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Италия, Испания, Франция, Германия, Ресей, Польша, Нидерланды, Бельгия, Румыния, Чех Республикасы, Дания, Словения, Финляндия, Турция, Австралия, Мексика, Малайзия, Оңтүстік Африка, Украина, Литва елдерінің ғалымдарынан тұратын IREG-тің 60-қа жуық сарапшылары қатысуда. Шетелдік қонақтардың ішінде - UNESCO-CEPES Еуропалық жоғары білім орталығының директоры, IREG Халықаралық обсерваториясының төрағасы Ян Садлак, "Перспективы" қорының (Польша) президенті Валдемар Сивиньски, Бүкіләлемдік банктің Адамзат мүмкіндігін дамыту желісінің жоғары білім бойынша үйлестірушісі Джамиль Салми және т.б.

Саралау саласындағы халықаралық сарапшылар тобы - IREG 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Жоғары білім берудің Еуропалық орталығы және (Бухарест) АҚШ Жоғары білім саласындағы саяси институтының бастамасымен құрылды (Вашингтон).

2006 жылы Берлин қаласында өткен конференцияда (IREG - 2) саралаудың 16 стандартынан тұратын "Жоғары оқу орындарын саралаудың Берлиндік принциптері" қабылданды. Бүгінгі таңда саралаудың Берлиндік принциптері әлем бойынша жоғары білім саласындағы рейтингілік агенттіктер ұстанатындай халықаралық деңгейде танылып отыр.

IREG-тің бірінші конференциясы 2004 жылы Вашингтонда, екіншісі 2006 жылы Берлинде, үшіншісі 2007 жылы Шанхайда өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны