02.04.2013, 14:28 4267

Қазақстанда жұмыссыз әйелдердің саны 280 мыңнан асады

Бұл жөнінде бүгін зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер талқыланған "Ақ жол" демократиялық партиясының фракция отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов мәлім етті.

Астана. 2-сәуір. Kazakhstan Today - Бүгінгі күні Қазақстанда жұмыссыз әйелдердің саны 286 мыңды құрайды. Оның 7,5 пайызы 55-58 жас аралығындағы әйелдер, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл жөнінде бүгін зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер талқыланған "Ақ жол" демократиялық партиясының фракция отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов мәлім етті.

"Біздің мақсат - азаматтардың әл-ауқатын көтеру. Өйткені бүгінде ынтымақтастық жүйе кезең-кезеңімен орындалып келе жатыр. Он сегізінші жылдан кейін ынтымақтастық жүйеде тиісті қатысу мерзімі болмайды. Бұл мерзім әйелдерге 20, ер азаматтарға 25 жыл екені белгілі. 2018 жылдан кейін жиырма жылдық қатысатын мерзім төмендей бастайды. Сонымен бірге алатын зейнетақы мөлшері де төмендейді. Бұл жерде ең басты мақсат - әйел азаматтардың жинақтау жүйесіне қатысу уақытын арттырып, осы жүйеде көбірек қаражат жинау мүмкіндігін беру", - деп атап өтті Серік Ибденов.

Партия мүшелерінің сұрақтарына жауап бере отыра, Серік Ибденов зейнетақы жүйесін модернизациялауда түрлі жолдардың қарастырылғанын жеткізді. Мәселен, ай сайынғы төлемді 10-нан 15 пайызға көтеру жағы қаралған. Бірақ бұл тиімсіз дейді министр.

"Ауыртпашылықты азаматтардың өзіне салсақ, өкінішке қарай, олар көтере алмайды. Қиын болады. Өздеріңізге белгілі, қазірде орташа жалақымыз 101 мың теңгені құрайды. Ал енді оның ішінде әйел азаматттардың 65 пайызының жалақысы 200 долларға жетпейді. Осындай да мәселе бар", - деді ол.

"Ауыртпалықты жұмыс берушіге салу жағын да қарастырдық. Онда бюджетке үлкен салмақ түседі. Қазіргі таңда 5 пайыздың өзі жылына 16 миллиард теңгені құрап отыр. Ал барлық зейнеткерлерге жұмыс беруші тарапынан міндеттелетін болса, бұл сома бірнеше есе артады. 100 миллиардқа дейін жетеді", - деп толықтырды Ибденов.

Министр келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде елімізде 2 миллион 800 мың әйел жұмыс істейді екен. Ал жұмыссыз әйелдердің саны 286 мыңды құрайды. Оның 7,5 пайызы 55-58 жас аралығындағы әйелдер.

Жалпы қазіргі таңда Қазақстанда 1 млн 800 мың зейнеткер бар. Оның 72 пайызы - әйелдер. 2020 жылы зейнет жасындағы қазақстандықтардың саны 2 млн 100 мыңнан асады деп болжануда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны