03.05.2007, 14:27 11226

Қазақстандағы дәрі-дәрмектердің сапасына бақылау қою жүйесінің тиімділігі төмен - Есеп комитеті

АСТАНА. 3 - мамыр. Kazakhstan Today. Дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау жүйесінің тиімділігілі жеткіліксіз. Фармацевтикалық салада тексеру жүргізген Республикалық бюджеттің орындалуына бақылау қою жөніндегі есеп комитеті осындай баға берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, Есеп комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, денсаулық сақтау министрлігі мен оның аймақтық фармацевтикалық бақылау басқармасы Қазақстанға әкелінетін дәрі-дәрмектерге тиісті дәрежеде мониторинг жасамайды, Фармация комитеті мен оның аймақтық басқармаларының кеден органдарымен республикада тіркелген дәрі-дәрмектер туралы, сонымен қатар олардың әкеліну және шығарылу саны туралы хабарландыру мәселелері жөніндегі өзара ықпалдастықтың технологиялық схемасы жасалынбаған.

"Соның салдарынан сырттан әкелудің регламенттелген тәртібі бұзылған. Заң бұзушылықтың жалпы сомасы 91 млн теңге. Сонымен қатар, сомасы 5,6 млн теңгені құрайтын сырттан әкелінген дәрі-дәрмек мемлекеттік тіркеуден өтпеген",- деп атап көрсетілген Есеп комитетінің баспасөз баянында.

Сондай-ақ құжатта, "жаңадан құрылып жатқан дәрі қамтамасыздығын басқарудың ақпараттық жүйесі 50 млн теңге жұмсалғандығына қарамастан жетік жасалынбағандығы" көрсетілген. Атап айтқанда, "дәрі қамтамасыздығын басқарудың ақпараттық жүйесі Кедендік бақылау комитетінің ақпараттық бағдарламасымен бірігуді қарастырмаған. 2006 жылға жоспарланған аталмыш ақпараттық жүйені тәжірибелік пайдаға беру орындалмаған".

Сонымен қатар, Фармация комитеті мен оның бөлімшелері "импорттық дәрі-дәрмектердің сәйкестігіне берілген сертификаттар туралы мәліметтерден бейхабар". Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитетте де (Мемлекеттік стандарт) сертификат беру туралы нақты мәліметтер жоқ. "Фармацевтикалық бақылау бөлімшелерінің, Техникалық реттеу және метрология жөніндегі комитеттің, кеден органдарының іс-қызметінің тиімді бірігуінің болмауынан сәйкестік сертификатын растау жөніндегі органдарға мәлімет беру жүйесі қарастырылмаған",- деп атап көрсетілген баспасөз баянында.

Хабарламада, қолданыстағы заң сырттан әкелінген кезде зерттелетін дәрі-дәрмектердің сәйкестік сертификатының ақиқаттығын растайтын органдаға бақылау қоюды Техникалық реттеу жөніндегі комитетке жүктейді, бірақ үкімет дәрілік заттардың айланымы саласындағы бақылау-қадағалау және сату функцияларын фармациялық комитетке берген.

"Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен заң бұзушылықтардың барлығы да ел нарығына сапасыз, пайдалану мерзімі өткен және сертификаттаудан өтпеген дәрілердің кіруіне жол беріп отыр",- деп атап көрсетілген құжатта.

Есеп комитеті сондай-ақ Фармация комитетінің жұмысынан бюджеттік заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің жалпы сомасы 253,4 млн теңгеге бұзылғандығын анықтады. "Бақылау барысында 33,7 млн теңге сомасындағы бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдалану, 0,342 млн теңгені негізсіз пайдалану, 219,2 млн теңге сомасында басқа да заң бұзушылықтар анықталған",- деп көрсетілген баспасөз баянында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны