31.07.2013, 09:54 14525

Қазақстандағы ірі қылмыстық топ құрықталды

Бірнеше жыл бойы Алматы қаласы мен Қазақстанның өзге де өңірлерінде жеңгетайлық және интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастырумен айналысқан тағы бір ірі қылмыстық топ қолға түсті. Бұл туралы бүгiн баспасөз мәслихаты барысында ҚР Iшкi iстер министрлiгi мемлекеттiк тiл және ақпарат департаментi директорының орынбасары Айжан Есембекова хабарлады.

Астана. 31-шілде. Kazakhstan Today - Қазақстандағы ірі қылмыстық топ құрықталды , деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бірнеше жыл бойы Алматы қаласы мен Қазақстанның өзге де өңірлерінде жеңгетайлық және интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастырумен айналысқан тағы бір ірі қылмыстық топ қолға түсті. Бұл туралы бүгiн баспасөз мәслихаты барысында ҚР Iшкi iстер министрлiгi мемлекеттiк тiл және ақпарат департаментi директорының орынбасары Айжан Есембекова хабарлады.

Жеңгетайлықпен айналысқан ірі қылмыстық топты ІІМ Криминалдық полиция комитетінің Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп, ұзақ уақыт әзірліктен соң қолға түсірген.

"Қылмыстық топты бұрын бірнеше рет сотты болған лақап аты "Мама Роза" немесе "Марго" дейтін 50 жастағы әйел басқарған. Топ құрамына қыздарды клиентке жеткізу ісін бақылайтын "диспетчерлер", оларды белгіленген жерге апарып, көрсетілген интимдік қызмет үшін ақша жинаумен айналысатын жүргізушілер кірген. Алдын ала болжам бойынша, ұйымдастырушыдан, 4 "диспетчер" мен 8 штаттық жүргізушіден құралған қылмыстық топ 70-ке тарта қыздың қызметін пайдалану арқылы әрекет еткен. Топ мүшелері мен жезөкшелердің ортасында қатаң тәртіп орнатылған, әрбір кешігу, жұмысқа шықпау немесе мас күйде келу фактілері байқалған жағдайда 50-ден 200 АҚШ долларына дейін айыппұл салынып отырған. Тұрақты "клиенттер" үшін өзіндік жеңілдіктер көрсетілген", - деді А.Есембекова.

ІІМ өкілінің айтуынша, 27 шілде күні таңғы төрт жарымдар шамасында Маловодное кентіндегі қонақ үйлердің бірінде жүргізілген тінту шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлерінен жасырынып, астыртын жұмыс жүргізген қылмыстық топтың ұйымдастырушысы ұсталған.

"Ұстау және тінту іс-шаралары бір уақытта 5 мекенжайда қатар жүргізілді. Найманбаев көшесі бойындағы жеке меншік үйлердің бірі - топ мүшелерінің, жүргізушілер мен жезөкшелердің жиналатын орыны болған, онда жезөкшелердің "жұмысын" есепке алуға, жиналуға және тұруға арналған үйлерді жалға алумен айналысатын жауапты тұлғалар қолға түсті. Гоголь көшесіндегі пәтерден басылымдардан жалақысы жоғары жұмыс іздейтіндігі жөніндегі хабарландыру арқылы интимдік қызмет үшін тапсырыс қабылдап, оны штаттағы жүргізушілерге хабарлайтын "диспетчер" ұсталды", - деп тоқталды ол.

Ұйымдастырушы мен қылмыстық топ мүшелерінен тінту барысында қылмыстық жолмен келген 2 миллион теңге және бір мың доллардан астам ақша, ондаған ұялы телефон, жезөкшелердің аттары, "клиенттер" мен моншалардың байланыс нөмірлері және мекенжайлары жазылған дәптерлер, түскен табыс көлемі жөніндегі есеп журналдары, тапсырыстар мен төленуге тиісті ақшалар туралы, сондай-ақ жүргізушілер мен жеңіл жүрісті қыздардың жұмысқа шығу жөніндегі жазбалары тәркіленіп алынды.

"Сонымен бірге моншалардың бірінен көңіл көтеру орнының клиенттеріне интимдік қызмет көрсеткен аталған топқа жұмыс жасайтын қыздар ұсталып, олардан 60 мың теңге тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 271 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп толықтырды А.Есембекова.

Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелеріне көмектескен моншалар мен қонақ үй иелерін жауапқа тарту мәселелері шешілу үстінде.

ІІМ өкілі өз сөзінде 21 шілдеден бастап, жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсынған тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік белгіленіп, адамдарды саудалау, жезөкшелікпен айналысуға тарту, жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық үшін жазалау шаралары қатайтылғанын тілге тиек етті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны