05.07.2006, 17:56 12546

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдері Алматыдағы оқушылар сарайын бұзу проблемасын әкіммен және бейресми ұйымдармен бірлесе шешу қажет деп санайды

Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдері Алматыдағы оқушылар сарайын бұзу проблемасын әкіммен және бейресми ұйымдармен бірлесе шешу қажет деп санайды

АЛМАТЫ. 5-шілде. Kazakhstan Today. Алматыдағы оқушылар сарайын бұзу проблемасын әкіммен және бейресми ұйымдармен бірлесе шешу қажет. Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Александр Зуев Kazakhstan Today тілшісіне осындай пікір білдірді.

“Егер оқушылар сарайы бұзылып, оның орнына балалардың мүддесі ескерілместен, қандайбір автотұрақ немесе үй салынып жатса, меніңше, бұл проблеманы талқылай отырып шешу қажет. Бірінші кезекте бұл проблеманы әкіммен және бейресми ұйымдармен бірлесе шешкен жөн”,- деді А.Зуев.

“Бұл жерде ЮНИСЕФ-тің ұстанымы айдан анық: бірінші кезекте балалардың мүддесі қанағаттандырылуға тиіс. Егер аталмыш сарайды бұзу шарасы арқылы балалардың мүддесі, олардың рухани және тікелей өсуі мен даму мүддесіне кереғар әрекет жасалып жатса, онда бұл ЮНИСЕФ үшін талқылауға тұратын проблема”,- деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның бейресми ұйымдары БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетіне есеп дайындауда. Онда кәмелеттік жасқа жетпеген жеткіншектердің құқығын бұзу деректерімен бірге Алматыдағы оқушылар сарайын бұзуға қатысты оқиға да атап көрсетіледі. Атап айтсақ, баяндамада “оқушылар сарайына қатысты оқиғаның өрбу барысы сипатталатын болады”,- деді Қазақстанның бейресми ұйымдарының балалар құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова. Оның айтуынша, есеп БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитетіне 2007-жылдың қаңтар-ақпан айларында таныстырылады.

Бұған дейін Kazakhstan Today агенттігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында жұртшылық өкілдері Алматыда балаларға арналған мекемелердің жеткіліксіздігіне байланысты алаңдаушылық білдірген. “Қазіргі жағдаймен қаламыздағы мектептер мектеп жасындағы балалардың 62 процентіне ғана есептелген”,- деді Қазақстанның бейресми ұйымдарының балалар құқығын қорғау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Фузия Икамбаева. “Балалар екі, кейде тіпті үш кезекпен оқиды”,- деді ол.

Сонымен бірге Ф.Икамбаева қала сыртындағы жазғы лагерьлердің тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірді. “Оқушылардың жазғы демалысы басталды. Ал біздің балаларымыздың демалатын жері жоқ. Алматы мен Алматы облысында биылғы жазда небәрі 13 балалар лагері жұмыс істейді”,- деді ол.

Осыған байланысты ол, өзге тауқыметтермен қоса балалардың проблемасын да шешуге міндетті қала басшылығы балаларды бос уақытын пайдалы өткізу мүмкіндігінен айырып отырғанын атап өтті. “Қаладағы оқушылар сарайы шын мәнінде қаладағы барша баланы біріктіретін. Балалар мұнда спортпен шұғылданып, ән айтып, би билеп, өлеңдер оқушы еді”,- деді ол.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны