26.12.2012, 16:59 4572

Қазақстандықтар электрондық қызметтерді көбірек таңдай бастады

Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, 2012 жылы электрондық форматта көрсетілген қызметтер саны бойынша және Интернет желісін пайдаланушылар бойынша оң динамика байқалып отыр.

Астана. 26-желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстандықтар электрондық қызметтерді көбірек таңдай бастады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, 2012 жылы электрондық форматта көрсетілген қызметтер саны бойынша және Интернет желісін пайдаланушылар бойынша оң динамика байқалып отыр.

Бұл туралы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ның Басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев мәлім етті.

"Статистика мәліметтері жалпы алғанда, қазақстандықтардың арасында электрондық қызметтердің көрсеткіші өсіп келе жатқанын көрсетуде. Қазір электрондық үкімет аясында 141 түрлі электрондық қызмет, сондай-ақ е-лицензиялау бойынша 81 қызмет көрсетіледі. www.egov.kz арқылы азаматтар үйлерінен шықпай-ақ, тәулік бойы қажетті анықтамалар мен мемлекеттік органдар туралы мәліметтер ала алады, салықтар, айыппұлдар төлейді және басқа да жұмыстарын бітіреді. Егер 2010 жылы е-үкімет 1,6 млн. қызмет көрсетсе, 2012 жылдың 11 айында- 9,6 миллион қызмет көрсетті! Мекен-жай туралы анықтамалар мен жылжымайтын мүлік туралы анықтамалар алу, салықтар мен айыппұлдарды төлеу қызметтері бұрынғысынша ең танымал қызметтер. Ал коммуналдық төлемдерді интерактивті режимде төлеудің ілкі жобасы іске қосылған Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында бұл қызметке деген сұраныс аса жоғары. Қазақстандықтар Жол қозғалысы ережелерін бұзғандары үшін төленетін айыппұлды онлайн әдіспен жиірек төлей бастаған: 2011 жылы осы әдіспен 4,4 млн. теңге төленсе, ағымдағы жылдың айында 35,7 млн. теңге төленген. Онлайн режимде салық төлеу қызметінде де осындай көрсеткіш: 13,5 млн. теңгеден 47,1 млн. теңгеге дейін жеткен. Салық бойынша берешектің бар-жоқтығы, міндетті зейнетақы жарналар мен әлеуметтік аударулар бойынша берешектер туралы мәліметтер алғысы келетіндер үшін электрондық тәсіл тиімдірек. Қаңтар айында мұндай сауалдар небәрі 1659 болса, жылдың соңына қарай - 13 мыңнан асып отыр", дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік ортада да электрондық қызметтерге деген сұраныс өсіп келеді. Егер қаңтар айында тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы 1093 анықтама берілсе, 11 айда бұл көрсеткіш 25 есеге дерлік өсіп, 27159 анықтаманы құрап отыр. Ал 2011 жылы портал арқылы мұндай анықтаманы небәрі 4593 жүгінуші алған болатын.

"Шағын кәсіпкерлік субъекті болып табылатын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу" қызметіндегі жағдай да осындай. Жылдың басында порталға бірде-бір сауал түспесе, бүгінгі таңда 1 мыңнан астам анықтама берілген.

Оның хабарлауынша, сұранысқа ең көп ие қызмет некені тіркеуге электрондық өтініш беру қызметі болып отыр. Жастар уақыттарын және ақшаларын үнемдей отырып, онлайн режимде өтініш бере бастады. Жылдың басымен салыстырар болсақ, некеге өтініш берудің осы ыңғайлы жолын таңдаған жұптардың саны 21-ден 4623-ке жетіп отыр. Тек қана қараша айында 1,5 мыңнан астам жұп некелерін тіркеу туралы онлайн-өтініш берген. Бұған электрондық қызметтің осы және басқа түрлерін кеңінен таныстыру мақсатында е-үкімет жүлделер мен сыйлықтар тігіп отырған ұтыс ойындары да себеп болуы мүмкін. Мысалы, петропавлдық жас жұбайлар Бахтияр Жамшитов пен Раушан Қайырбекова неке тіркеу туралы электрондық өтініш бере отырып, "eGov жүректерді қосады!" акциясының жеңімпаздары атанды және "AirAstana" компаниясынан кез-келген бағытқа екі тегін билетке ие болды.

Қазақстандықтар өз жеке қолтаңбаларын электрондық форматқа белсенді ауыстыруда. 2012 жылдың 11 айында 332,2 мың тіркелген куәліктер (Электрондық сандық қолтаңба) шығарылды. Қолға берілген барлық ЭСҚ жалпы саны 1 млн. 250 мыңға жақындады. Оған қоса, азаматтар ЭСҚ-ның жеке куәліктің жадында сақталуына оң баға беріп отыр. Бүгінгі таңда 55,5 мыңнан астам қазақстандықтың жеке куәліктерінің чиптарында электрондық қолтаңбалары сақталған.

Электрондық үкіметтің жетістіктері халықаралық деңгейде бағаланып отыр. БҰҰ рейтингінде Қазақстан онлайн қызметтер бойынша биыл 24-ші орыннан 14-ші орынға көтерілді. Ал азаматтардың үкіметпен байланысу мүмкіндігін анықтайтын е-қатысу индексі бойынша 192 елдің ішінде Оңтүстік Кореядан кейін орналасып, екінші орынды Сингапурмен бөлісті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны