24.10.2008, 18:52 3378

Қазақстандықтар Республика күнін тойлауға байланысты үш күн демалады (толық нұсқасы)

Қазақстандықтар Республика күнін тойлауға байланысты үш күн демалады (толық нұсқасы)

Астана. 24 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстандықтар Республика күнін тойлауға байланысты үш күн демалады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Қазақстандықтар Республика күнін тойлауға байланысты 25, 26 және 27 қазанда үш күн демалады. 25-қазан - Қазақстанда Республика күні- мемлекеттік мереке.

"Қазақстан Республикасының мерекелері туралы" Заң нормаларында ұлттық мереке күндері демалыс болып саналады, ал демалыс күндері мен мереке күндері сәйкес келген жағдайда мейрам күнінен кейінгі жұмыс күндері демалыс күндері болып саналады. Сол себепті 25 қазан сенбі күнге сәйкес келетіндіктен, демалыс күні 27-қазан, дүйсенбіге ауыстырылады.

25-қазан - Қазақстан Республикасының күні. 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі қабылдаған "Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы" Декларация республика егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды.

Декларация салтанатты түрде демократиялық, әлеуметтік бағдарлы, құқықтық мемлекеттің құрылғанын паш етті. Сол кезде Қазақстан тұңғыш рет өзін бірегей, қайталанбас, өзіндік көзқарасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар субъекті ретінде таныстырды.

Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету және дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде танылды. Онда Қазақстанның егемендігінің нышандары: өзінің аумағы мен азаматтығы, толық мемлекеттік билік, мемлекеттік бюджет, мемлекеттік тәуелсіздіктің рәміздері - Елтаңба, Ту, Инұран, сондай-ақ ұлттық валюта белгіленген.

Декларацияның тарихи маңызы - оның 1993 және 1995 жылдардағы Қазақстан Конституциясының және басқа да заң актілерінің әзірленуіне негіз болуында.

Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылғы желтоқсанның 16-сында "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылданды.

Сондықтан мемлекеттіліктің жаңа нысанына тұғыр болған оқиға ауқымы жағынан жалпыұлттық болып табылады. Қазақстан Республикасының 2001 жылғы желтоқсанның 13-індегі "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңымен бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.

Мереке күні Астана мен Алматыда, сондай-ақ өңірлерде осы күнге орайластырылған салтанатты шаралар өтеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны