08.05.2008, 19:12 3780

Қазақстанға энтеровирустың ену мүмкіндігі жоққа шығарылмайды - СЭС

Қазақстанға энтеровирустың ену мүмкіндігі жоққа шығарылмайды - СЭС

Алматы. 8 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның эпидемиологтары ел аумағына энтеровирус 71-дің ену мүмкіндігін жоққа шығармайды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Республикалық Санитарлық эпидемиологиялық станцияға сілтеме жасай отырып.

Қытайда энтеровирус 71-мен ауыру жағдайларының артуына байланысты "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі аталмыш инфекцияның ел аумағында таралу мүмкіндігі жайлы сауалды республикалық Санитарлық эпидемиологиялық станцияға жолдаған болатын.

"Бізді Қытаймен жақсы дамыған экономикалық, сауда қатынастары, туризм байланыстырады. Сондықтан шекарада және жалпы халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде", - деп түсіндірді агенттік тілшісіне республикалық СЭС эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Айнагүл Қуатбаева.

А. Қуатбаева мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Анатолий Белоногтың республиканың барлық өңірлеріне профилактикалық, эпидемияға қарсы шараларды күшейту жайында ресми хат жібергенін хабарлады. Республикалық санэпидстанция мамандары сондай-ақ, бірқатар профилактикалық шараларды жасаған және оны санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандарына нұсқаулық ретінде өңірлерге таратқан. Ауру белгілері жазылған арнайы нұсқаманы ұшақтар мен пойыздардың жолсеріктері де алған. Медицина қызметкерлері де барынша сақ болуға шақырады. Олар, әсіресе, Қытайдың шығыс провинцияларында болып келген адамдарға қатаң ескертіп отыр.

Энтеровирус-71 балаларға, негізінен, екі жасқа жетпеген сәбилерге жұғады. Ресейдің "Новости" ақпарат агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, Қытайда осы аурумен ауырған балалар саны қазірдің өзінде 12 мыңға жеткен. Вирустан 26 бала шетінеген.

"Халыққа үндеу жолдағымыз келеді. Егер сіз соңғы 10 күнде Қытайда, әсіресе, балалармен болсаңыз олардың денсаулығын қадағалағаңыз. Егер баланың ыстығы көтерілсе, пысылдай бастаса, егер бетінде және денесінде сыздауық шықса, аузы уылса медициналық қызметке жүгінген дұрыс. Бұл сіздің жағдайыңызды білу үшін, тіркеу үшін және біз індеттің таралуының алдын алу бойынша белгілі бір шаралар жасау үшін қажет", - деп ескертеді А. Қуатбаева.

Эпидемиология маманы аталмыш инфекция лас қол, тамақ және су арқылы да, тыныс жолдары арқылы да жұғатынын атап көрсетіп отыр.

Бұл ретте эпидемиологтар тіпті вирус Қазақстан аумағына кіре қалған күннің өзінде олар індеттің біздің ал аумағында таралуына жол бермеу шараларын қабылдауға дайынбыз деп есептейді. "Республикалық санитарлық эпидемиологиялық станция жанындағы вирусология зерханасы энтеровирустармен баяғыдан жұмыс істейді. Бізде заманауи құралдар, дайындалған кадрлар бар", - деп хабарлады А. Қуатбаева.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны