26.11.2009, 17:18 3091

Қазақстанның Бас мүфти, шейх Ибсаттар қажы Дербісәлі барша қазақстандықтарды Құрбан айтпен құттықтады

Қазақстанның Бас мүфти, шейх Ибсаттар қажы Дербісәлі барша қазақстандықтарды Құрбан айтпен құттықтады

Алматы. 26 қараша. Kazakhstan Today - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Ибсаттар қажы Дербісәлі барша қазақстандықтарды Қасиетті Құрбан айт мерекесі - ұлық мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Қымбатты отандастар! Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесі Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күнді жаһанның барша мұсылмандары асыға күтті. Өйткені, ол Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер қасиетті Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта Жаратушы Иемізден тілек тілейді. Құрбандық шалудың мәнісін ұғыну үшін, ең алдымен, құлшылықтың не үшін жасалатынын білген абзал. Кең-байтақ ғаламды Жаратқан құдіретті Иеміз жер бетіндегі саналы пенделерін тектен-текке жаратпаған. Олардың әділетті қоғам құрып, саналы да, саламатты өмір сүруі үшін Алла тағала тура жол көрсетуге хақ дін жіберген, деді ол.

Құрбан айт оразадан соң 70 күннен кейін басталып, 3 күнге созылады. Қасиетті мерекеде 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес әрбір мұсылман баласының құрбандық шалуы - парыз.

Бас мүфтидің айтуынша, Құрбан айт қарашаның 27-і күні Алматы уақыты бойынша таңғы 8 сағат 30 минутта айт намазын оқудан басталады. Одан әрі құрбандық шалу рәсімін орындай беруге болады. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы шалынады. Ауру, соқыр мал құрбандыққа шалынбайды. Құрбандық еті үшке бөлініп, оның үштен бірі садақа етілуі қажет. "Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен қарау, құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту - хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың сүннеті", деді бас мүфти.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанда Құрбан айт мерекесіне орай келесі жұма - демалыс күні болмақ.

"ҚР "Еңбек туралы" заңына сәйкес Құрбан айттың бірінші күні - демалыс күні болып табылады. Биыл Құрбан айттың бірінші күні 27 қараша, жұмаға дөп келеді, тиісінше, заң бойынша, осы күн -демалыс күні болмақ.

Қазақстанда Құрбан айт - мемлекеттік мереке.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, президент Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылғы 30-желтоқсанда "Еңбек туралы" заңға Құрбан айттың бірінші күні мен православиелік Рождествоны демалыс күндері деп жариялау жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Құрбан айт мейрамы үш күнге созылатын және әлемдегі мұсылмандардың басты мейрамы. Ол жыл сайын хижра - мұсылман (ай) күнтізбесі бойынша зуль-хиджа айының оныншы жұлдызында басталады. Бұл мұсылмандар қажыға баратын қажылық айы. Құрбан шалу мейрамы көп ғасырлар бұрынғы оқиғалармен байланысты және осы күні адамдар достық, тыныштық және келісім туралы дұға қылады. Қажылық парыз өтелгеннен кейін Қазақстан мұсылмандары 3 күнге созылатын Құрбан айт мерекесін тойлайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны