25.01.2013, 11:43 3546

Қазақстанның Бірыңғай зейнетақы қоры салымшылардың жеке шоттарын бақылауды қамтамасыз етеді

Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорын құрудың нәтижесінде салымшылардың жеке шоттарын бақылауды қамтамасыз ету мүмкін болады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов.

Астана. 25-қаңтар. Kazakhstan Today - Қазақстанның Бірыңғай зейнетақы қоры салымшылардың жеке шоттарын бақылауды қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорын құрудың нәтижесінде салымшылардың жеке шоттарын бақылауды қамтамасыз ету мүмкін болады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов.

"Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының жай-күйіне бақылау жасауды қамтамасыз ету, тиісінше мүмкіндіктер беру және салымшылардың мәліметтер базасының тазалығын сақтау, зейнетақы салымдары шоттарының инвестициялық табыстылығына бақылау жасау және мониторинг жүргізу өте маңызды. Сондықтан да, әрбір салымшының шотын басқару жұмысының тиімділігіне бақылау жасау қамтамасыз етіледі. Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорын енгізуден біз осындай нәтижелерді күтеміз", - деді С.Ибденов.

Сонымен қатар ол, қор қаржысын шағын және орта бизнеске, сондай-ақ республика инфрақұрылымының дамуына инвестициялау жоспарланып отырғандықтан, шоттардың инвестициялық табыстылығы артады деді.

"Тақауда Үкімет жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржысын "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы шеңберінде қолдану арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға инвестициялау туралы бастама көтерді. Сонымен қатар, ЖЗҚ қаржысын инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялау мәселесі де шешілуде. Мұның барлығы инвестициялық табыстылықты қамтамасыз ету үшін жасалуда, оның нәтижесінде зейнеткерлікке шыққан адамға еңбек еткен жылдар ішінде тапқан табысын алмастыратын табыс алуға мүмкіндік беріледі", - деп түсіндірді Еңбек министрі.

Серік Ибденов мұндай институтты құруға, ҚР Үкіметі Дүниежүзілік Банк сарапшыларымен бірлесіп жүргізген талдауы арқылы анықталғандай, қазіргі жұмыс істеп тұрған зейнетақы қорларының тиімсіздігі себепші болды.

Өз кезегінде, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ЖЗҚ-мен бірлесіп салымшылар шоттарының жай-күйі мен оны басқаруға талдау жасау бастамасын көтерді.

Осылайша, аталған талдау шоттарды есептеу барысындағы проблемаларды анықтады. Мысалға, шот иелерінің көшіп кетуі немесе мүгедек болып қалуы сияқты жеке бас себептеріне байланысты 750 шот пайдаланылмаған.

Сөз соңында еңбек министрі Бірыңғай зейнетақы қорын құру уақытылы жасалып отырған шара екенін жеткізді.

"Президенттің тапсырмасы жинақтаушы зейнетақы қорларының қазіргі жағдайына қарай уақытылы жасалған шара", - деді С.Ибденов.

Үстіміздегі жылғы 23 қаңтарда Мемлекет басшысы Н.И.Назарбаев 2012 жылдың қорытындылары мен "2050-Стратегиясын" жүзеге асыру жөніндегі міндеттер жөніндегі мәжілісте Еңбек министрлігіне Ұлттық банкпен бірлесіп Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорын құру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырған болатын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны