02.08.2007, 11:23 3061

Қазақстанның Кинематографистер одағы Алматыдағы "Қазақфильм" кешенін бұзу мен киностудияның жерін тәркілеуге қарсылық білдіруде

Қазақстанның Кинематографистер одағы Алматыдағы "Қазақфильм" кешенін бұзу мен киностудия жерін сатуға қарсылық білдіруде.

АЛМАТЫ. 2-тамыз. Kazakhstan Today. Қазақстанның Кинематографистер одағы Алматыдағы "Қазақфильм" кешенін бұзу мен киностудия жерін сатуға қарсылық білдіруде. Бұл туралы кеше өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біздің көптен бері күткеніміз болды, 17-шілдеде үкімет отырысында мәдениет және ақпарат министрі серпінді жобалардың бағдарламасы туралы сөз сөйледі, олардың бірі "Қазақфильм" киностудиясына қатысты",- деп түсіндірді И. Вовняко. Ол, осыдан кейін Кинематографистер одағында бастамашыл топ құрылып, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдауға шешім қабылдады, деп атап өтті.

"Нұрсұлтан Ибішұлы, сізден "Қазақфильм" сияқты кинематография саласының қасиетті жеріне қол сұғушылық пен озбырлықты тоқтатуыңызды сұраймыз",- деді хат мәтінін оқып таныстырған И. Вовнянко. "Мәдениет және ақпарат министрінің сөзінен ұққанымыз, жобалық құжат дайын және киностудияның ескі кешенін жойып, оның орнына жаңасын салу жақын уақыттарға көзделген, демек, бұл мәселе кинематографистер қоғамының келісімінсіз сырттай шешілген",- деді ол .

Құжатта, кинематографистер қоғамы "қазіргі "Қазақфильм" АҚ өндірістік-технологиялық кешеніне зиян тигізбей-ақ, Қазақстан аумағында заманауи технология базасында жаңа киностудиялық кешен салуды құптайды", деп атап көрсетілген. "Біз "Қазақфильм" АҚ да тиісті модернизациялау мен өнім мөлшерін өсірген жағдайда еліміздің мәдениет және өнер нысандарының арасында көшбасшы кәсіпорын болатындығына сенімдіміз",- делінген құжатта.

И. Вовнянконың айтуынша, хатқа кино қоғамдастығының 120 өкілі қол қойған. "Біздің шағымымыз жерге қатысты болып отыр, неге бізді ол жерден көшіреді? Біздің орнымызға басқа бір сабын қайнататын зауыт әкелінетіні белгілі. Сонда біздің олардан қай жеріміз кем? Ол жерде бүкіл әлем білетін және келіп бас иетін Ш. Аймановтың ескерткіші мен мұражайы бар, ал біз оны бұзбақпыз",- деген ойын білдірді одақ төрағасы.

Ол сондай-ақ, "Қазақфильм" АҚ президенті Сергей Азимовтың премьер-министрге де хат жолдағандығын хабарлады. "Онда Азимов екеміздің қолымыз қойылған. Бірақ бұл хатта көбіне технологияға қатысты, кешенді көшіру техникалық тұрғыда қалай жүзеге асырылатындығы жайлы айтылған",- деп қосты И. Вовнянко.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны