30.09.2015, 15:27 7200

Қазақстанныӊ медициналық ұйымдары халықты қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстарыныӊ екінші кезеӊіне дайын

Бұл туралы бүгін ҚР ДСИДМ-де "Қазақстан Республикасындағы қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясын қайта бастау туралы" тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Алексей Цой мәлімдеді

Астана. 30 қыркүйек. Kazakhstan Today - Бұл туралы бүгін ҚР ДСИДМ-де "Қазақстан Республикасындағы қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясын қайта бастау туралы" тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Сөз басында Алекскей Цой Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағымсыз жағдайдыӊ орын алуы жалғасып келе жатқанын айтып өтті. Ағымдағы жылдыӊ 8 айыныӊ қорытындысы бойынша қызылшамен аурудыӊ 2307 жағдайы тіркелді, оныӊ ішінде 696-сы балалар.

"Қызылшамен ауыру 10 есеге, балалар арасында 6 есеге үлғайды. Сонымен қатар, аурудыӊ басым бөлігі тұрғындары қызылшаға қарсы вакцинациялаумен аз қамтылған аймақтарда тіркелген. Бұл Маӊғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласы. Сол себепті, сонымен қатар ДДСҰ-ныӊ ұсынымы бойынша ағымдағы жылдыӊ 1 қазанынан бастап қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмыстарын қайта бастауды қолға алу шешімі қабылданды", - деп атап өтті ол.

Халықты қажетті деӊгейде вакцинациялаумен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан Республикасындағы қызылшаға қарсы қосымша иммундау кампаниясын өткізуге арналған әлеуметтік жұмылдыру мен ақпараттық жұмыстар жоспарын бекіткен болатын.

"Қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларын үйлестіру мақсатында әрбір аймақта облыстардыӊ, Астана және Алматы қалалары әкімдері орынбасарларыныӊ басқаруымен штабтар құрылды. Вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайлары мұқият тексерілді. Кампанияға дайындықты тексеру үшін ҚР ДСИДМ және Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті аймақтарға барып, мамандар қосымша иммундауға дайындық бойынша кеӊестік және практикалық көмек көрсетті", - деп мәлімдеді Вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қыркүйек айында Алексей Цой Көкшетау, Орал, Павлодар, Тараз, Шымкент және Қарағанды қалаларындағы медициналық ұйымдардыӊ вакцинациялауға дайындығын тексерген болатын.

15 пен 19 жас аралығындағы 313 мыӊ 348 жасөспірім қызылшаға қарсы қосымша иммундауға жатады. Кампанияны өткізу үшін құрамында 3567 дәрігер, 3611 мейірбике, 7134 тіркеушілері бар 3567 екпе бригадалары ұйымдастырылды. Қызылшаға қарсы вакцинациялауға қатысатын медициналық қызметкерлер атестаттациялаудан өткізілді.

Барлық аймақтарда жасөспірімдер және олардыӊ ата-аналарымен вакцинациялаудыӊ қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ирбір егілуші адам алдағы егу туралы хабардар болады. Ол немесе оныӊ ата-анасы (заӊды өкілі) дәрігерге шақыртылып, оған профилактикалық мақсаттағы егу туралы толық әрі шынайы ақпарат беріледі. Сонымен қатар, иммундаудан кейін туындайтын ықтимал жағымсыз жағдайлар мен реакциялар, вакцинациялаудан бас тартудыӊ салдары туралы ақпарат жеткізіледі. Профилактикалық егу жұмыстары тек бекітілген форма бойынша ақпараттандырылған ерікті келісім негізінде ғана жүргізіледі.

Қызылшаға қарсы қолданылатын моновакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған, ол әлемніӊ 40-тан астам елінде қолданылады.

Қазақстанда 2015 жылдыӊ сәуір айында аталған вакцинаныӊ қауіпсіздігі мен тиімділігіне 23 көрсеткіш бойынша сараптама жасалып, нәтижесінде вакцинаныӊ физико-химиялық және биологиялық көрсеткіштері барлық нормативтерге сәйкес келетіні анықталды.

Естеріӊізге сала кетейік, қызылшаға қарсы вакциналаудыӊ бірінші кезеӊінде 529422 жасөспірім (60,1%-тан астам) қамтылған болатын.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігініӊ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны